Мемлекет басшысының кітабы таныстырылды
Әділетті қоғам қалыптастыру, адалдық пен азаматтық жауапкершілікті арттыру – қоғам үшін маңызды құндылықтардың бірі. Бұл мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты еңбегінде көрініс тапқан. Облыстық А.С. Пушкин атындағы кітапханада оқырмандарға кітаптың мазмұны мен негізгі идеялары таныстырылды.
Аталған еңбекке Президенттің қоғамның саяси-әлеуметтік ахуалына қатысты ойлары мен ел болашағына бағытталған тұжырымдары арқау болған. Кездесуде кітаптағы негізгі идеялар сараланып, қазіргі қоғамдық үдерістермен сабақтастығы сөз болды. Қатысушылар Мемлекет басшысы көтерген мәселелердің бүгінгі қоғам үшін маңызына тоқталып, әділеттілік, адалдық, жауапкершілік және елге қызмет ету секілді құндылықтар төңірегінде пікір алмасты.
Әскерхан Ақтай, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ШҚОФ төрағасы:
Абай атамыздың толық адам іліміне негізделген Адал азамат тұжырымдамасы Әділетті қоғам құру жөніндегі Әділетті Қазақстан, Таза Қазақстан идеясы төңірегінде көптеген мәселелерді көтерген ой толғамдарын талқылап, саралап, осыны халыққа, жастарға насихаттайтын боламыз.
Кездесудің тағы бір мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, қоғамның өзекті мәселелері бойынша ашық пікір алмасу алаңын қалыптастыру. Жиын барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, еңбекте көтерілген мәселелердің елдің болашағы үшін маңызын атап өтті.
Түсіпхан Түсіпбеков, қоғам қайраткері:
Тіл жөніндегі айтқаны. Мысалы біз шет елдің делегациясын қазақ тілінде қарсы алып, қазақ тілінде шығарып саламыз деген, сөздің өзі тілге үлкен мәртебе беріп тұр деп айтуға болады. Елді сүю,ұлтты сүю соның бәрінде Абайдың сөздерін жиі пайдалануы мысалы Президенттің халыққа ой салатын сөздер айтуы Абайды терең оқығандағынан ба? деп ойлаймын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосулар кітап мазмұнын талқылаумен шектелмей, азаматтардың қоғамдық пікірін қалыптастыруға және өзекті мәселелерге қатысты ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді.
Ұлпан Қанатова, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың қызметкері:
Бұл кітапты егерде оқысаңыздар, бірнеше бөлімдерден тұрады. Таза Қазақстан, Жаңа Қазақстан, одан бөлек жастар саясатына да үлкен мән берілген. Жастардың дамуына жағдай жасау туралы Президентіміздің айтқан сөздері бар. Баршаңызды бұл кітапты оқуға шақырамыз.
Кездесу соңында қатысушылар кітаптағы негізгі құндылықтарды күнделікті өмірде ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Автор көтерген мәселелер төңірегіндегі пікірталас алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Аяулым Усинова