Негізгі Жаңалықтар Жылу жүйесі жаңғыртылуда

Жылу жүйесі жаңғыртылуда

Өңірде жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. «Шығыс Жылу» кәсіпорны инвестициялық бағдарлама аясында бірқатар нысанды жөндеген. Негізгі мақсат – жылу желілерінің техникалық жағдайын жақсартып, қазандықтардың тиімділігін арттыру. 

«Шығыс Жылу» акционерлік қоғамы жылуды өндіру, жеткізу және тарату жұмыстарын жүзеге асырады. Бүгінде кәсіпорында 7 қазандық, 11 орталық жылу пункті және 15 сорғы станциясы бар. Ал жылу желілерінің жалпы ұзындығы 454 шақырымнан асады. Кәсіпорында 700-ден астам маман еңбек етеді.

Игорь Заруднев, «Шығыс Жылу» АҚ жылу энергиясын өндіру департаментінің директоры:

Бүгінде біздің балансымызда жалпы ұзындығы 462 шақырымға жуық жылу желісі бар. Оның 108 шақырымы – магистральдық жылу желілері, 353 шақырымы – орамішілік жылу желілері. Сонымен қатар қала аумағында қуаттылығы әртүрлі жеті қазандық жұмыс істейді. Қазандықтардың жалпы қуаты – 222 гигакалория. Ал қазіргі қосылған жүктеме көлемі – 180 гигакалория. Яғни кейбір нысандар бойынша бізде қуат артығы болса, жекелеген нысандарда тапшылық байқалады.Бұдан бөлек, кәсіпорын құрамында өңірлік учаскелер де бар. Олар – Катонқарағай және Таврия өңірлік учаскелері.

Биыл инвестициялық бағдарламаға 1 миллиард 88 миллион теңге қарастырылған. Ал өткен жылдан ауысқан шараларды қоса есептегенде, жұмыстардың жалпы құны 1 миллиард 215 миллион теңгеден асады. Қаражаттың басым бөлігі жылу желілері мен қазандық жабдықтарын жөндеуге және жаңғыртуға бағытталған.

Алексей Уточкин, «Шығыс Жылу» АҚ №2 қазандығының басшысы:

Қазір асбест парақтары төселіп жатыр. Одан кейін барлығы жылу оқшаулағыш материалмен қапталады. Қазіргі уақытта қазандықтың торын құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта арқалықтар орнатылып, отын беретін қоректендіргіштер монтаждалады. Жалпы, бұған дейін айтылғандай, жұмыстарды 25 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған. Барлығын белгіленген мерзімде үлгереміз деп ойлаймын. 

Инвестициялық бағдарлама аясында 835 метрден астам жылу желісін жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар №2 қазандықтағы екі агрегат күрделі жөндеуден өтіп, өндірістік нысандардың технологиялық және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылады.

Бекарыс Энгельс 

Бөлісу