Негізгі Жаңалықтар Қылқалам шебері

Қылқалам шебері

Өскемендік суретші шығармашылықты жай ғана мамандық емес, туған қаласын көркейту үшін қосқан үлесі деп санайды. Сонымен қатар, ол мүсін жасап, картиналар салады. Ал, бос уақытында ересек шәкірттеріне өнердің қыр-сырын үйретеді. Оның туындылары бүгінде қаланың ажырамас бір бөлігіне айналған. 

Бұл мүсіндер тұрған аумақ бүгінде Өскеменнің көрікті орындарының біріне айналған. Қала тұрғындары оларды күн сайын көріп, жанынан өтіп жүр. Кейбірі мүсіндердің қасында суретке түседі. Ал, бұл туындылардың авторы – суретші Виктор Калинин. Шебер әр жұмысты мұқият жоспарлап, кейіпкердің сыртқы бейнесіне ерекше мән береді. Мұндағы Алдар көсенің мүсінін жасау үшін суретші әртүрлі нұсқаларды зерттеп, эскизін әзірлеген.

Виктор Калинин, суретші:

Мен Алдар көсенің мүсіндерін әртүрлі жерден іздестірдім. Кітаптардан да қарадым. Бірақ ешқайсысы көңілімнен шықпады. Содан кейін өз нұсқамды жасауды шештім. Суретін салып, эскизін дайындадым. Әкімдікке көрсеттім. Ұсынысым мақұлданып, сол эскиз бойынша Алдар көсенің мүсінін жасадым.

Виктор Калининнің шығармашылық жолы кескіндемемен тығыз байланысты. Сурет өнерімен отыз жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан шебер осы жылдар ішінде түрлі жанрда жұмыс істеп, тапсырыспен де бірқатар туынды жасаған. Суретшінің өнерге деген қызығушылығы отбасында да жалғасын тапқан. Ұлы Арсений әкесінің шеберханасына жиі келіп, жұмыс барысын бақылап, кәсіби дағдыларын жетілдіріп жүр.

Арсений Калинин, В. Калининнің ұлы:

Әкем өте салмақты, жауапкершілігі жоғары адам. Әрқашан өз сөзіне берік. Оның жасаған жұмыстары өте көп, барлығын санап шығу мүмкін емес.Туған адамыңның осындай туындылар жасап, кейін оны бүкіл қала тұрғындарының көретінін білу – ерекше сезім. Әр жұмысы өзінше жақсы. Әрқайсысының өз тарихы бар. 

Қазір шебер жаңа триптих жасап жатыр. Үш бөлімнен тұратын шығарманың алғашқы бөлігі дайын. Туындыда папье-маше техникасы мен түрлі қосымша материалдар қолданылуда. Негізгі мақсат – ұлттық нақышты заманауи өнер тілімен жеткізу. Виктор Калинин шығармаларының бір бөлігі «Алтын Алтай» музейінде сақталған. Ал алдағы жоспарларының бірі –динозаврлардың саябақ жобасын жүзеге асыру.

Виктор Калинин, суретші:

Тіпті динозаврлар саябағының эскиздерін де жасай бастадым. Неге біз басқа қалалардан, Еуропа елдерінен кем болуымыз керек? Біздің де өз динозаврларымыз бар. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан аумағында өмір сүрген динозаврлар. Әңгіме тек Шығыс Қазақстан туралы емес, жалпы Қазақстан аумағындағы динозаврлар жайында. Осындай саябақ ашылса, керемет болар еді.

Суретші әзірге қолынан қылқаламын тастаған жоқ. Бір мезетте бірнеше жобаны қатар алып, шәкірттеріне де сабақ беріп жүр. Виктор Калинин үшін шығармашылық – үздіксіз ізденіс. 

Фатима Тілейханқызы

Бөлісу