Негізгі Жаңалықтар Әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда

Әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Ұлан ауданына барды. Өңір басшысы Герасимовка ауылында әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, тұрғындармен кездесті. Ауданда «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында барлығы 165 үй салынған. 

Ал Герасимовка ауылында бұл бастама бойынша жаңа тұрғын үй салу жұмыстары жалғасып жатыр. 2022-2025 жылдар аралығында мұнда жалпы аумағы 7,6 мың шаршы метр болатын 52 пәтерлі үй бой көтерді. Бүгінде олардың барлығына тұрғындар қоныстанған. Жаңа баспанаға әлеуметтік осал топқа жататын 60 азамат пен 40 көпбалалы отбасы ие болды.

Нұргүл Мақашова, Герасимовка ауылының тұрғыны:

Мен көпбалалы анамын, төрт балам бар. 2025 жылдың ақпан айында осы үйді сатып алдық, ал маусым айында көшіп келдік. Үйімізде үш бөлме бар. Залы өте жарық, кең әрі жайлы. Жаңа үйімізге өте қуаныштымыз. Отбасымыздың өз баспанасы болғанына бақыттымыз. 

Мұнда тұрғын үй аумағын абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. 2025 жылы 2,7 шақырым көше жөнделді. Аумақты одан әрі дамыту және толыққанды абаттандыру үшін тағы 3,5 шақырым жолды жөндеп, асфальттау қажет. Герасимовкада тұрғын үй құрылысы әлі де жалғасын табады.

Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:

Бүгінде бұл шағын ауданда 100 пәтер салынды. Онда 100 отбасы тұрып жатыр. Бұл үйлердің барлығы қоныстанған. Сары түспен белгіленген учаскеде жоспарға сәйкес балабақша салу көзделген. Ал, бос тұрған 20 жер теліміне тағы 20 үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл қосымша 40 пәтер болады.

Бұдан бөлек, өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов «Болашақ» балабақшасына барды. Білім беру мекемесінде жеті топ жұмыс істейді. Мұнда 155 бала тәрбиеленуде. Балабақшада 19 педагог және 18 техникалық қызметкер еңбек етеді.

Облыс әкімімен өткен кездесуде ауданның өзекті мәселелері мен алдағы даму перспективалары талқыланды. Аймақ басшысы ауданның басым бағыттарына тоқталып, өңір экономикасындағы ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешеннің ерекше рөлін атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ауыл шаруашылығы – Ұлан ауданы экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Облыста өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 21 пайызы осы ауданға тиесілі. Бұл – облыстағы ең жоғары көрсеткіш. Оның негізгі үлесі Өскемен құс фабрикасына тиісті. Биыл жеті айда ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 71 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл көрсеткіш 3,6 пайызға артты. 

Жиын соңында облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Кездесу барысында тұрғындар өңір басшысына өздерін толғандырған сұрақтары мен ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндік алды.

Бекарыс Әмірбек

Бөлісу