Негізгі Жаңалықтар Отбасылық жүгіру жарысы өтті

Отбасылық жүгіру жарысы өтті

Өскеменде Славский жағалауы бойында «KAZZINC FAMILY RUN» отбасылық жүгіру жарысы өтті. Ауқымды спорттық шараға 2 мыңнан астам адам қатысты. Фестивальді Minimarathon.kz жүгіру жобасы ұйымдастырса, жарыстың бас демеушісі - «Казцинк» компаниясы.

Фестиваль бағдарламасы әртүрлі жастағы қатысушыларға арналды. Ең кішкентай қатысушылар үшін арнайы бағыттар әзірленді. Сондай-ақ параспортшылар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған қашықтықтар да қарастырылды. Жарысқа қала тұрғындарымен қатар, еліміздің басқа қалаларынан және көршілес мемлекеттерден келген қонақтар қатысты.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

KAZZINC FAMILY RUN – «Қазцинк» компаниясының осындай ауқымды шараны алғаш рет өткізуі. Оған қала тұрғындарымен қатар, тіркеу барысында анықтағанымыздай, Қазақстанның басқа қалаларынан және көршілес мемлекеттерден келген қатысушылар да қосылды.Бүгін екі мыңнан астам адам әртүрлі қашықтықта өз шеберлігін сынайды. Әрине, олардың арасында жарыс үшін қатысып отырғандар бар. Өйткені олар үшін бұл – бәсекелестік. Ал қатысушылардың басым бөлігі үшін бұл шараға қатысудың өзі – сергектік пен күш-қуат сыйлайтын, бір-біріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға мүмкіндік беретін ерекше сәт деп ойлаймын.Соңында барлығы осы жүгіру жарысына қатысушы ретінде арнайы медальдарын алады.

Компания басшылығының айтуынша, «KAZZINC FAMILY RUN» жай ғана жүгіру жарысы емес, облыс орталығы тұрғындары үшін спорт пен көңіл көтеруді ұштастырған нағыз мерекеге айналды.

Жанат Жанботин, «Казцинк» ЖШС бас директоры:

Мен жалпы өте қуаныштымын. Ауа райы да тамаша болып тұр. Бүгінгі келген қонақтарымыз, балалар мен отбасылар жақсы жүгіріп, жағымды эмоция алып, күш-қуат жинауына барлық жағдай жасалған. 

Фестивальдің басты кейіпкерлері, әрине, оның қатысушылары болды. Бірі өз күшін сынап көруге мүмкіндік алса, енді бірі бүкіл отбасымен күнді белсенді әрі көтеріңкі көңіл-күймен өткізуді мақсат етті.

Фестивальдің арнайы қонағы – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова болды. Спортшы шараға қатысушыларға қолдау көрсетіп қана қоймай, бұқаралық спортты дамыту және мұндай шаралардың қала тұрғындары үшін маңызы туралы өз ойымен бөлісті.

Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:

Мұнда ең кішкентай балалардан бастап барлығы қатысып жатыр. Бұл – ерекше әсер сыйлайтын көрініс. Ерекше қажеттіліктері бар, яғни инклюзивті балалардың ата-аналарымен бірге отбасылық жарысқа қатысуы – бүгінгі таңда бізге қажет құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Осындай ауқымды жұмысты бірлесіп атқарғаны үшін «Қазцинк» компаниясына да, «Минимарафон» жобасына да шын жүректен алғысымды білдіремін.

Жарысқа қатысушылардың қатарын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та толықтырды. Ол бұқаралық спорт пен белсенді өмір салтын қолдайтынын көрсетіп, жүгіру қашықтығын өзі бағындырды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Өз күштеріңізге деген сенім және, әрине, жарқын жеңістер тілеймін. Спорт мерекесі құтты болсын! Рақмет сіздерге! 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар адамдарды біріктіріп, балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін ерте жастан қалыптастыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта қалада осындай жүгіру жарыстарын тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.

Бекарыс Әмірбек


Бөлісу