Негізгі Жаңалықтар Асусай ауылына ауыз су құбыры тартылуда

Асусай ауылына ауыз су құбыры тартылуда

Тарбағатай ауданындағы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Соның бірі Асусай ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысы. Ауқымды жоба былтыр басталған. Бүгінде құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталып, нысанда соңғы жұмыстар атқарылуда. 

Құрылыс алаңында жұмыс күн сайын қарқынды жүріп жатыр. Мамандар су құбырларын белгіленген талаптарға сай әрі сапалы тартуға басымдық беруде. Әр кезеңнің орындалуы жіті бақылауда. Өйткені жаңа желілердің беріктігі мен сенімділігі нысанның әрі қарай тұрақты жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді. Мамандардың айтуынша, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау үшін жұмыс күші мен техника тиімді ұйымдастырылған. Жоспарға сәйкес, нысанды 2026 жылдың желтоқсан айына дейін толық аяқтау көзделіп отыр. 

Ерлан Жиббаев, жұмыс бригадасының жетекшісі:

Тарбағатай ауданы Асусай ауылында су құбырларын өткізіп жатырмыз қазіргі таңда. 2025 жылы басатлған болатын қазір 80 пайызы аяқталды. Қазіргі таңда кішігірім жұмыстарымыз қалды, солар аяқталса желтоқсан айында суымызды өткізіп береміз. Бізде кәзір 15 шақты жұмысшымыз бар осында істеп жатқан. Әр қайссы өз маманының иелері. 

Жобаны «СириусСтройГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Құрылысқа бөлінген қаржы көлемі 458 миллион 700 мың теңге. Осы қаражат есебінен ауыл аумағында жалпы ұзындығы 4 мың 721 метр болатын су құбыры желілері салынады. Сондықтан Асусайдағы бұл жоба тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық бастамалардың бірі.

Күлзипаш Жүнісова, ауыл тұрғыны:

Бұл ауылда 60 жылдай болды тұрғаныма, содан бері тұрып келе жатырмын көптеген жақсылықтар болды. Ардагерлер саябағы ашылды, көптеген жұмыстар істелінді. Ауылдың әкіміне аудан әкіміне көп ризамыз. Қаншама жақсылықтар жасап жатыр бізге. Бәрінен бұрын мына интернетіміз келді, балаларға жақсы болды. Су кіргелі жатыр барлық үй тарттырғалы дайын отыр. 

Жобаның тағы бір ерекшелігі ауылдың сумен жабдықтау жүйесі толық жаңғыртылады. Мұнымен қатар жаңа су көзі ретінде ұңғыма қазу қарастырылған. Ал суды қажетті көлемде жинақтап, сақтауға мүмкіндік беретін жаңа резервуарлар салынады. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін нысан белгіленген тәртіппен «Ақжар» МКК-ның теңгеріміне өткізіліп, әрі қарай пайдалануға беріледі.

Нұрдәулет Қалибеков


Бөлісу