Тазалық - ортақ міндет
Алтай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Тәуелсіздік аллеясы мен Екінші Өскемен су қоймасы аумағында өткен шараға қатысушылар тазалық жұмыстарын жүргізіп, жиналған қоқысты шығарды. Игі бастама қала аумағын таза ұстауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталды.
Аудандағы жастар экологиялық бастамаларға белсенді атсалысып келеді. Мұндай шаралар қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, туған қаланың абаттандырылуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Еріктілердің бірлескен еңбегі қаланы көркейтіп қана қоймай, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Виктор Авдеев, ерікті:
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын экологиялық сенбіліктерге еріктілер белсенді қатысып келеді. Жастарды осындай игі шараларға белсене атсалысуға шақырамыз. Тазалықты тек сенбілік кезінде емес, күнделікті сақтаған маңызды. Өйткені тазалық – әр адамның өзінен басталады.
Валерия Самойлова, ерікті:
Ерікті болу – жақсы мүмкіндік. Мұнда жаңа достар тауып, адамдарға және қоршаған ортаға көмектесе аласың. Жақсылық жасауға, айналаны таза ұстауға өз үлесіңді қосасың. Біз де туған жеріміздің табиғатын қорғауға өз көмегімізді тигізгіміз келді.
Тазалық жұмыстары жүргізілгеннен кейін аумақтың ажары кіріп, айнала бірден өзгерді. Жер-жердегі қоқыс жиналып, қоғамдық орындар таза әрі жинақы күйге енді. Жастардың белсенділігі нәтижесінде тұрғындарға жайлы орта қалыптасты.
Аяулым Усинова