Негізгі Жаңалықтар Игі іс

Игі іс

«ASAR-UME» қайырымдылық қорының өкілдері Өскеменге келді. Олардың мақсаты қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасына өз баспанасына қол жеткізуге көмектесу. Бұл игі істен жергілікті кәсіпкерлер де шет қалмай қолдау көрсетті.

 «ASAR-UME» қайырымдылық қоры қиын өмірлік жағдайға тап болған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетеді. Қордың негізгі бағыттарының бірі – мұқтаж отбасыларға баспаналы болуға мүмкіндік беретін «Сенім» бағдарламасы. Бұл жолы қор өкілдері Өскеменге арнайы келді. Олар көмекке мұқтаж отбасыға барынша қолдау көрсетуге ниетті. 

Серік Қамбарбаев, «ASAR-UME» қайырымдылық қорының өкілі:

Біз Өскемен қаласына тағы да үлкен миссиямен келдік. Мұнда қиын өмірлік жағдайға тап болған бір отбасы бар. Сол отбасына қолдау көрсету үшін қаражат жинауды жариялап, олардың өз баспанасына қол жеткізуіне көмектесу. Бұған дейін де Өскеменде жергілікті волонтерлермен, модераторлармен, достарымызбен және серіктестерімізбен бірге 42 үйді мұқтаж отбасыларға тарту еттік.

Отбасына жергілікті кәсіпкерлер де қолдау көрсетуде. Мәселен, 12 қыркүйек күні «Moti» кофеханасы қайырымдылық акциясын өткізеді. Сол күні өнімдерді сатудан түскен барлық қаражат отбасының есепшотына аударылады.

Сабина Мельс, кәсіпкер:

12 қыркүйек күні көпшілік жақсы білетін «Асар-Үме» қорымен бірлесіп қайырымдылық акциясын өткіземіз. Олар біздің қолдауымызға мұқтаж. Сондықтан біз де өз тарапымыздан осындай шағын болса да игі іс жасағымыз келеді. Сол күні сатылған өнімдердің барлығы – кофе, десерттер, тағамдар, жалпы кез келген өнімнің сатылымынан түскен қаражат осы отбасыға беріледі. Оларға қолдау көрсетіп, көмектескіміз келеді. Біз әрдайым қайырымдылық шараларына атсалысуға тырысамыз. Бұл жолы осындай ауқымды қадам жасап отырмыз.

Алдағы уақытта «ASAR UME» қорының ресми парақшасында отбасының жағдайы баяндалған арнайы бейнеролик және қайырымдылық қаражатын жинау туралы ақпарат жарияланады.

Салтанат Кеңесбекқызы

Бөлісу