Өңірде отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған жоба басталады
Өңірде отбасылық құндылықтарды нығайтуға және әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталған жаңа жоба өз жұмысын бастайды. Жобаның мақсаты – отбасы институтын қолдау, ата-ана жауапкершілігін арттыру, отбасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты қалыптастыру, сондай-ақ әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру.
Жоба облыстық Ішкі саясат басқармасы облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен жүзеге асады. Негізгі жұмыстарды «Аддиктология және психикалық денсаулық» ғылыми-зерттеу, талдау және практикалық орталығы жүргізеді.
Наталья Фесенко, Психология ғылымдарының докторы:
Жас отбасылар қолдауға өте мұқтаж. Яғни, туындаған жағдайлардан қалай дұрыс шығу керектігін білу маңызды. Жастардың бір нәрсеге қабілеті бар, ал кейбір нәрселерді білмейді, шыдамдылығы да аз. Біз алда қандай дағдарыстар, қандай қиындықтар болуы мүмкін екенін түсіндіреміз. Бұл олар үшін өте пайдалы. Сонда бүгін осы ақпаратты алып отырған студент ертең отбасын құрған кезде, оған деген көзқарасы да өзгеше, жауапкершілігі де жоғары болады.
Қазан-қараша айларында отбасылық қарым-қатынас пен саналы ата-ана болуға арналған оқыту сабақтары өтеді. Әйелдер көшбасшылығы мектебінің жұмысы жолға қойылып, отбасылық клубтардың кездесулері мен пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылады.
Наталья Фесенко, Психология ғылымдарының докторы:
Жалпы алғанда, бұл жоба ғылыми-ағартушылық бағытта, өйткені ол халықтың әртүрлі топтарына, соның ішінде әйелдер мен отбасыларға қолдау көрсетеді. Отбасында және жалпы әйелдердің өмірінде туындайтын жағымсыз жағдайлардан барынша тиімді шығуға көмектеседі.
Жобаның қорытындысы 13 қарашада «Мықты отбасы – мықты қоғам» өңірлік форумында шығарылады.
Нұрдәулет Қалибеков