Негізгі Жаңалықтар Уварово ауылының 305 жылдығы аталып өтті

Уварово ауылының 305 жылдығы аталып өтті

Глубокое ауданы Уварово ауылының құрылғанына 305 жыл толды. Үш ғасырдан астам уақыт ішінде ауыл талай ұрпақтың өсіп-өнген мекеніне айналды. Бүгінде мұнда түрлі салада еңбек етіп, туған жерінің дамуына үлес қосып жүрген жандар аз емес. Мерейтой – сол азаматтардың еңбегін атап, ауылдың өткені мен бүгінін сабақтастырған айтулы күн болды.

Мерекенің шымылдығы ауылдағы стелланың ашылуымен түрілді. Бұл нысан тұрғындар үшін туған жердің тарихы мен келбетін айшықтайтын ерекше белгі. Себебі стеллада ауылдың өткені мен бүгінін сабақтастыратын тарихи мән-мағына көрініс тапқан.

Мерейтойға жиналған жұрттың қарасы қалың. Туған жердің мерейтойын атап өтуге келген көпшілік үшін мұндай басқосулардың маңызы ерекше.

Нұрмұхамет Қалымов, ауыл тұрғыны:

305 жыл өте қарқынды, жақсы тойлатып жатырмыз. Ұнап жатыр балаларға. Ұйымдастырушыларға әкімшілікке үлкен рахмет. 

Мерекелік шара барысында спорттық сайыстарға да ерекше мән берілді. Ұлттық спортты ұлықтаған көкпардан бастап, қол күресі секілді жарыстарда қатысушылар өзара мықтыны анықтады. Ал балалар үшін түрлі ойындар ұйымдастырылып, аниматорлар бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қол күресінен бақ сынағандардың қатарында ауыл тұрғыны Сергей Яковлев те бар.

Сергей Яковлев, ауыл тұрғыны:

Спорттық ойындар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қол күресінен жүлделі екінші орын алып, арнайы сыйлыққа ие болдым. Шара өте қызықты әрі әсерлі өтті. Қатысушылар үшін жарыстармен қатар концерттік және ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Осындай мерекелік іс-шараны ұйымдастырған басшыларға алғысымды білдіремін.

Сондай-ақ мерейтой аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көпшілік назарына шеберлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар ұсынылды. Келушілер көрмеден тұрмыстық заттар мен қолдан жасалған ерекше туындыларды тамашалады. Бұдан бөлек шарада елді мекеннің өркендеуіне үлес қосқан азаматтар марапатталды. Сонымен қатар аудан әкімінің атынан 10 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Қаражат алдағы уақытта тұрғындардың ортақ келісімімен тиісті бағыттарға жұмсалмақ.

Эльдар Тумашинов, Глубокое ауданының әкімі:

Увароваға 305 жыл. Мерей тойлары. 5 жыл бұрын пондемия кезінде осы тойды өткізе алмадық. Бірақ арнайы 305 жылға орай осындай керемет концертті стелланың ашылуымен бастадық. Содан кейін бізде концертіміз басталып кетті. Кешке дейін болады, кешке дискотека және кешкі солют. 

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан мен қала өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Дәулет Қабдоллаев, әнші:

Аудан өнерпаздары мен қала өнерпаздарымен бірге шырқап, осы ауыл тұрғындарына мерекелік шара жақсы көңіл күй сыйлап жатқан жайы бар. Сондықтан біз де осы ауылды құттықтап, ары қарай көркейуіне біз де ниеттеспіз. Жақсы күндеріміз бола берсін. 

Шара соңы әуезді би кешіне ұласып, мерекелік отшашумен түйінделді. 

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу