Аймақ басшысы Күршім ауданына жұмыс сапарымен барды
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалмен танысты. Ауданда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға басымдық беріліп отыр. Негізгі мақсат – жергілікті өндірісті ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру.Жұмыс сапары барысында ауданның даму перспективалары талқыланып, жауапты мамандарға тұрғындар көтерген мәселелерді шешу бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Сарыөлең ауылында аудан тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Жиында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Өңір басшысы сауалдарға жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ең алдымен осы азамттардың, тұрғындардың табысын арттырып, олардың өмір-сүру сапасын жақсартуға әсерін тигізетін экономикалық өсімді нақты бағдар етіп, бізге белгілеп берді. Жеті айдың қорытындысы бойынша облыстағы негізгі әлеуметтік экономикалық көрсеткіштер оң серпін дамуын көрестіп отыр. Жан басына шаққанда орташа айлық ақшалай табысы шамамен 15 пайызға, орташала айлық жалақы 9 пайызға өсіп, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыздан асқан жоқ.
Ауданда биыл 31 шақырым жол мен көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар Күршім ауылындағы 115 шақырымнан астам су құбыры желісін жаңарту, жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл 30 пәтерлі 15 үй салу жоспарланған.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Күршім ауданының жол желісінің ұзындығы 433 шықырымның үстінде. Ағымдағы жылы ауданда 989 миллион теңгеге 31 километр жолдар, көшелерге орташа жөндеулер жүргізілді. Жолаушы көлік автомобиль жолдары басқармасы мен аудан әкімімен бірлесіп, осы ауданымызда автомобиль жолдарында жөндеу жұмыстарын уақытында, әрі сапалы жүргізуді тапсырамын.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бірлік ауылындағы 2025 жылы ашылған мектептің жұмысымен танысты. Сондай-ақ аудан орталығындағы спорт кешені мен орталық бассейнді, «Дара-бала» балабақшасын аралады. Ауданда мәдениет пен спорт нысандарын дамытуға да басымдық беріліп отыр.
Ринат Нұрбек, Бірлік негізгі орта мектебінің директоры:
Бізге 2024 жылы құрылысын бастап, 2025 жылы жаңа заманауи мектеп қолданысқа берілді. Бұл мектептің ескі мектептен айырмашылығы акт залы бар, спорт залы бар және шағын орталық бар. Қазір біздің мектепте 37 бала білім алып жатыр. Шағын орталықта 13 бала бар.
Облыс басшысы ауылдағы да, қаладағы да әр баланың сапалы әрі тең білім алуы керек екенін атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Балаларымыз қайда болмасын, ауылда бола ма, қала орталығында бола ма, бірдей жоғары саналы тәрбие, сапалы білім алуға құқылы, спорпен шұғылданатын осындай спорт залдары болуы керек.
Ресми сапардан тыс облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғындардың өтініші бойынша Күршімдегі көпірдің жағдайын көріп, өзен маңын аралап шықты. Өңір басшысы жауапты мамандарға көтерілген мәселелерді зерделеп, тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Бекарыс Әмірбек