Облыс әкімі Ермек Көшербаев Риддерде бой көтеріп жатқан жаңа аурухананың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жаңа нысан бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсететін емханасы және 200 орындық стационары бар көпбейінді аурухана болмақ. Өңір басшысы қазіргі ауруханада жатқан науқастардың жағдайын сұрап, жаңа ғимараттың халыққа ыңғайлы болуы үшін жауапты билік өкілдеріне біршама тапсырма берді.

Бой көтеріп жатқан жаңа ауруханы жоғары сапалы медициналық жабдықтармен жабдықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өңір басшысы Ермек Көшербаев жаңа ауруханаға мамандарды тарту үшін әлеуметтік тұрғыда жағдай жасау керек екенін атап өтті. Ол үшін қызметкерлерді баспанамен қамту мәселесін жолға қою керектігін тапсырды.

Қазір мұнда әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанның шатыры салынып, терезелері орнатылған. Сондай-ақ барлық коммуникациялық жұмыстар мәреге жетті, дейді мамандар. Жоспар бойынша жаңа емхананың құрылысы қыркүйек-қазан айларында аяқталуға тиіс. Ал, нысан нақты 2025 жылы қолданысқа берілетін болады.

Аурахананың құрылыс жұмыстарына сексенге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Толық аяқталғанда 500-ден астам дәрігерлер мен медбикелер жұмыс істейтін болады, дейді жергілікті өкілдер.