ҚР еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Елдің барлық аймақтарынан өңірлік айналымнан өткен мектеп оқушылары білім бәйгесінде бақ сынады.
Білім сайысында еліміздің барлық аймағынан жиналған 160-тан астам 9-11 сынып оқушылары екі кезең бойынша бақ сынады. Қатысушылар эссе жазу, Қанипа Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық мұрасы және публицистикалық еңбектері бойынша білімдерін көрсетті.
Олимпиада қатысушыларына мәдени-танымдық бағдарлама, жетекшілерге шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.
Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназиясының оқушысы Мархабат Саяшова мен №1 Күршім орта мектебінің оқушысы Гүлім Идаятова С. Аманжолов атындағы ШҚУ-нің білім грантын жеңіп алды.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамотасымен марапатталды. Тараз қаласынан келген Шадияр Сартбай олимпиаданың үшінші орын иегері атанса, Маңғыстаулық Ақмарал Мұса бірінші орынға қол жеткізді.
Сайыс қорытындысы бойынша 23 оқушы 2-орын, 37 оқушы 3-орынды иеленді. Ал, 16 оқушы 1-орынға лайық деп танылып, республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды. Бұдан бөлек, Бітібаевтар әулетінің атынан 10 бала, Жамбыл мектебінің 1996 жылғы түлектерінің атынан 6 балаға арнайы сыйлықтар тапсырылды.