2022-2026 жылдарға арналған ауылшаруашылығы өндірістік кешенін дамытуға негізделген инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша облыста жол картасы шеңберінде ауқымды жұмыс жүргізілді. Мәселен, биыл 15 жоба жүзеге асырылмақ. Соның ішінде Ұлан ауданы бойынша «Украинка» ШҚ 600 басқа арналаған тауарлы-сүт фермасын салуды жоспарлап отыр. Құны 2107 миллион теңге болатын жоба аясында жылына 4800 тонна сүт өндірілмек. Ал астық қоймасын кеңейту мақсатында «Багратион ВАВ» ЖШС құны 155 миллион теңгелік жобаны қолға алмақ. Бұдан бөлек қандай инвестициялық табысты жобалар бар? Тілші сюжетінде толығырақ.

Ұлан ауданы ауыл шаруашылығы саласына негізделген. Бүгінгі күні ауданда 9 тауарлы-сүт ферма бар. Ауылдық округтерде жаңа кәсіп ашып, ісін дөңгелетемін деушілерге мемлекеттік бағдарламалар аясында түрлі гранттар берілуде. Сонымен қатар өз қаржысы есебінен тауарлы-сүт ферма жұмысын жолға қойғандар да бар.

Бүгінде «АгроВосток LTD» ШҚ сауындағы сиырлардан күніне 2500 тонна сүт өндіреді. Шаруашылықта 18 адам еңбек етеді. Онға жуық техника бар. Шаруа қожалықтың тұрған жері ыңғайлы, аумағы да үлкен. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бұл фермадағы сиырлар сүтті болғандықтан сауын үш рет жүргізіледі. Татьяна Вракова осы шаруашылықтың мал дәрігері. Ірі қараның денсаулығы уақытылы берілетін тамағы мен дәрумендеріне дейін Татьяна Вракованың жауапкершілігінде.

Асыл тұқымды малдың күтімі де, жем-шөбі де талапқа сай болуы шарт. Бұзауларды ауыздандырып, аяққа тұрып кеткенше жауапты адамдар өз бақылауында ұстайды. Қазіргі кезде мұнда жұмысшыларға арналған жатақхана салынып жатыр. Бұдан бөлек малға қажетті жем-шөптің мол қорын дайындау үшін суармалы жүйені қолданысқа енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.