Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бұған барлық жағдай жасалған. Тіпті, тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы да бекітілген. Осыған байланысты облыстық лингвистикалық орталық мамандары 5518 әскери бөлімінің қызметкерлері мен сарбаздарына арнап «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты конференция өткізді. Басты мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.

Бұл конференция басқалардан өзгеше. Себебі мұнда сағаттап баянадама оқу, ұзын-сонар сөз сөйлеу болған жоқ. Әскери бөлім қызметкерлері, жас сарбаздар мен орталық мамандары алдын-ала дайындалып, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының шығармасын оқып келген. Жиналғандар сол туындыға қатысты сұрақтарға жауап беріп, отансүйгіштік тақырыбында ой бөлісті, пікір алмасты.

Антон Коротков – 5518 әскери бөлімінің сарбазы. Қазақ тілін жетік меңгерген. Жауынгердің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргендерге қазақ тілін білу – басты талап.

Жиында әскери мамандардың тілдік капиталын жетілдіру үшін қазақтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінің мағынасын түсіндіру, берілген сөздердің синонимдік қатарын табу, шығармадағы әскери терминдердің мәнін ашу сияқты сындар өтті.

Шара соңында мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген әскери қызметкерлер мен сарбаздарға алғысхаттар берілді. Ал 5518 әскери бөлімінің клуб бастығы Мейіржан Исақов жиналғандарға әннен шашу шашты.