Марқакөл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Мұндағы қай саланы алып қарасаңызда өсім бар. Шекара шебіндегі ағайынның мәселесі кезең-кезеңмен игі шешімін тауып келеді. Бұл туралы аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрсұлтан Бейсенов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады.

Шекара шебіндегі ауданда 19 білім беру ошағы бар. Биыл Игілік ауылынан 50 орындық мектеп салынуда. Ал, келер жылы екі бірдей білім ошағын салу көзделген. Аудандық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Жаңа медициналық құрал-жабдықта жеткізілген. Дегенмен, маман тапшылығы бар. Бұдан бөлек, марқакөлдегі ағайынды жыл сайын мазалайтын маса-шіркей мәселесі алаңдатып келеді. Зиянкестермен күрес мақсатында биыл жергілікті бюджеттен 30 млн.теңге қаражат бөлінген. Ал ауыл шаруашылығы саласында іске асқан игі бастамалар аясында өндірілген өнім көлемі артқан.

НҰРСҰЛТАН БЕЙСЕНОВ, Марқакөл ауданы әкімінің м.а:

Ауыл шаруашылығы өнімінің өсу қарқыны 2024 жылдың 6 айымен салыстырғанда ет өндірісі 14,5%, сүт өндірісі 22,4%, жұмыртқа өндірісі 11,6%. Мал басының өсу қарқыны да айтарлықтай өсті: ірі қара мал – 44,1%, ұсақ мал – 6%, жылқы 5% өсті.

Аймақ басшысы өңірге қарасты аудан әкімдеріне инвестиция тарту көлемін арттыру жөнінде тапсырма берген болатын. Облыс әкімінің пәрменінін Марқакөл ауданы жемісті іске асыруда. Мәселен, биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі ұлғайды. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында кәсібін бастағандар саны артты.

НҰРСҰЛТАН БЕЙСЕНОВ, Марқакөл ауданы әкімінің м.а:

6 айда 5 адамға 7 млн. 864 мың теңгенің грант қаражаты берілді. Атап айтсақ, 1 адам тері бұйымынан ат әбзелдерін дайындау, 1 адам кондитерлік өнімдер әзірлеу, 1 адам ерлер шаштаразын ашу, 1 адам сүтті бағыттағы ірі малын сатып алып құрт өндіруге, 1 адам автокөлік дөңгелектерін жөндеу бойынша жаңа бизнес жобаларын іске асыруға мүмкіндік алды. 2024 жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлер 4 отбасына пайдалануға берілді. Биылғы жылы халықтың көп балалы және әлеуметтік осал топтарына арналған екі пәтерлі 8 үй, 16 пәтер салынуда.

Аудан облыс бойынша ең үздік рекреациялық аймақ ретінде танылып, туристік инфрақұрылымды дамытуға 200 млн. теңге бөлінді. Жол, су жүйесі мен тұрмыстық қалдықтарды басқару салалары да жаңғыртылып жатыр. Ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жаңа спорт алаңдары мен клубтар ашылуда.


Қымбат Иманғалиева