Шығыс Қазақстан ауылшаруашылығын өркендетіп отырған аймақ. Әсіресе, егін шаруашылығында көрсеткіштері жоғары. Соның ішінде майлы дақылдар өсіру саласын жақсы жолға қойған. Дегенмен, бұл бағытта әлі де ізденіс, заман талабына сай жаңашылдықтар керек. Глубокое ауданында өткен аграрлық семинар осы мақсатты көздеді.
Жиналыс барысында диқандар майлы дақылдар өсірудің жаңа технологияларын талқылады. Бұл бағыт өңір агросаласында дамығанын ескерсек те, жаңашылдықтар артық болмайды. Аграрлық семинарда майлы дақылдар егіншілігін дамыту мәселелерін қарастырылғаны бекер емес. Күн тәртібінде тұрған мәселе – күнбағыс өсіру технологиялары, мемлекеттік қолдау шаралары, тұқым шаруашылығы және өсімдіктерді қорғау жайы.
НҰРЫМБЕТ САҚТАҒАНОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің облысымызда егістік алқаптарын әртараптандыру, фермерлердің соңғы сорттармен, суды аз сіңіріп көп өнім беретін дақылдармен қамту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өнеркәсіп деп айтамыз бұл біздің экспорттық әлеуеттің артуын, азық-түлік қауіпсіздігі еліміздің сондықтан та мен ойлаймын осындай семинарлар көптеп болу керек.
Семинар Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының базасында өтті. Егін саласын дамыту жайын ортаға салған шаруалар мен агрономдар әсіресе селекциядағы заманауи тәсілдер, ауруға төзімді және өнімділігі жоғары ExpressSun, Clearfield жүйелері мен дәстүрлі әдістерге баса назар аударды.
ОЛЬГА ГАВРИЛОВА, «МАЙЛЫ ДАҚЫЛДАР ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫ» ЖШС КҮНБАҒЫС СЕЛЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бүгін біз күнбағыс өсірудегі технологияларды жетілдіру жолдарын талқылап жатырмыз. Оның қатарында дәстүрлі, Экспрес, Клеафилд сияқты жаңа тәсілдер туралы да сөз қозғадық. Олардың ерекшеліктері мен өсімдіктерді түрлі аурулардан, зиянкестерден қорғау мәселесі және күнбағыс тұқым шаруашылығын дамыту жайын қамтып өтеміз.
Фермерлер бұл семинар облыста күнбағыс өндірісін кеңейтуге жаңа серпін беретініне сенімді. Аймақта жыл сайын егіс көлемі де ұлғайып келеді. Биылдың өзінде бұл көрсеткіш 400 мың гектардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға көп.
БАҚЫТБЕК ҚҰМАРОВ, «АДАЛ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз әлі ескіше жұмыс істеп жатырмыз ғой. Бірақ жаңа әдістерді де қосып келеміз. Қазір химиялық заттарды пайдаланамыз. Жаңа шығарылған гибридтермен жұмыс істейміз. Бұдан да жақсы өнімге қол жеткіземіз деген үміт бар.
Президенттің егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын ескерген сала мамандары күнбағыс сияқты жоғары табысты дақылдардың үлесін арттыруды мақсат еткен. Сондықтан, семинар бойы субсидиялау тетіктері, жеңілдетілген несиелеу мүмкіндіктері мен агротехниканы тиімді қолдану жолдары кеңінен талқыланды.
Данияр Қайратұлы