Ғасырға жасы таяса да, белсенді өмір салтын серік еткен Өскемен тұрғыны Тамара Михайловна көпке үлгі. Зейнет жасындағы кейуана күн сайын таңертең жаттығу жасап, денесін сергек ұстауды әдетке айналдырған. Ол 25 жылдан бері үзбей жаттығып, көз жанарын толықтай қалыпқа келтірген. Сондай-ақ, қазақ тілін үйренуді қолға алған.
Тамара Михайловна зейнетке шыққанға дейін инженер-жобалаушы болған. Дамылсыз есеп-қисап жүргізіп, қағаз жұмыстарынан босамаған. Көп жылдық еңбектен соң көзінің көруі нашарлап, денсаулығы сыр бере бастапты. Одан шығар жол - дене шынықтырумен айналысу. Соның нәтижесінде көру қабілеті толық қалыпқа келген.
Тамара Юртова, зейнеткер:
Барлық жерім ауыратын. Бел, бүйрек, жас келген сайын көру қабілетім де нашарлады. 70 жасымда қызым жаттығу залына жолдама берді. 25 жылдан бері үздіксіз спортпен айналысып жүрмін. Нәтижесі керемет, көру қабілетім қазір 100 пайыз қалпына келді. Ешқашан дәрі ішпегенмін.Тәттіні аз жеймін. Жаз кезінде саяжайға барып көкөніс-жемістің түр-түрін егемін, бәрін өзім қарап, күтіп баптаймын. Маңайымдағы қатарластарымды жиып, клуб аштым. Ол жерде біз жаттығудан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысамыз.
Жаттығу залынан бөлек үйде де белтемірге тартылуды әдетке айналдырған. Қолы қалт етсе, жаңа дүниені тануға талпынады. Қазір қазақ тілін үйреніп жүр. Қойын дәптеріне күнделікті тұрмыста қолданатын сөздерін түртіп қояды екен.
Тамара Юртова, зейнеткер:
Мен қазақша үйреніп жүрмін. Мынау дәптер, кітап, қалам, орамал. Көйлек, шаш, мұрын, жүрек.
Қазақтың қонақжайлығын, дәстүр-салтына деген құрмет тіл үйренуге құштарлығын арттырған. Әсіресе, ұлттық сусын қымыз-қымыран, айран-шұбатты сүйсініп ішеді.
Қария түстен кейін күнделікті жаттығу залына барады. Жаттығудан соң ширап, бір серпіліп қалады.
Ангелина Устинович, жаттықтырушы:
Бұл жаттығу залына кез келген егде жастағыларкеле алады. Топта шамамен 20-дай адам жаттығады. Ең жасы үлкені – 95 жаста. бұл көпшіліккеүлгі. Өте белсенді, денесі де, ойы да сергек. Сауықтыру бағдарламасы зейнеткерлерге қоғамнан қол үзбей, көңіл-күйін көтеріп, рухын сергек ұстап, тұрмыста өзіне өзі қызмет етуге үлкен көмегін тигізеді.
Бақытжамал Балтаева, зейнеткер:
Қатысқаныма 3 жыл болады. Ең жасы мен ғой деймін. Мен 66 жастамын. Жаңғыз жаттығуға келмейміз, мен бассейінге барамын. Тренажерный залға барамын 7км жолды жаяу келіп-кетемін.
Кейіпкеріміз салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдегендей. Тамара әже адамның жас мөлшері жаңа дүниені тануда ешқандай шектеу бола алмайтынының жарқын үлгісі.
Қымбат Иманғали