Облыс орталығында көктайғақ салдарынан жарақат алған 900-ге жуық азамат дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Олардың 300-ден астамы ауруханаға түскен. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қайтпек керек? Әріптесім мамандар кеңесін тыңдап қайтты.

Қыс мезгілі келісімен көшелерді мұз басып, көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де жүріп-тұру қиындайтыны сөзсіз. Тұрғындар бұл жағдайға наразы. Кейбір жаяу жүргінші жолағы мен жолдар ұзақ уақыттан бері тазаланбай, қолайсыздық тудыруда.

Түрлі жарақат алып мертігіп қалған тұрғындар медициналық мекемелерге жүгінген.

Ілияс Дәулетин, Өскемен қ. №4 қалалық ауруханасының травматологиялық пунктінің меңгерушісі:

Қарашадан бастап, бізге 890 адам қаралды. Оның ішінде дала жарақаттары. Оның ішінде 300 астамы сынықтар. Қалғаны дене жарақаттары. Сол үшін халыққа аяқ киім сыртынан шерпе кию керек. Әсіресе егде жастағы науқастарға, адамдарға абай болуын сұраймыз. Себебі астиопароздары бар, сыну мүмкіндігі жоғары.

Қыс мезгілі құбылмалы ауа райымен ерекшеленеді. Толассыз жауған қар көліктердің қозғалысынан тығыздалып, арты мұзға айналады. Бұл коммуналдық мекеме қызметкерлері үшін жұмысты қиындатады.

Нұржан Халықов – Өскемен қ. әкімдігінің «Таза өскемен» ЖШС жолдарды күту шебері

Қазір біз Шәкәрім көшесінің бойында қар тазалау жұмыстарын жүргізудеміз. Қар қалың жауса барлық техниканы жұмылдыруға дайынбыз. Техника жаяу жүргіншілер жолын және аялдамаларды тазартып жатыр.

Мұз түнгі уақытта температураның ауытқуларынан пайда болады дейді мамандар. Қыста мұндай учаскелерді толықтай қауіпсіз ету мүмкін емес. Дегенмен қала көшелеріндегі жағдайды тұрақтандыру мақсатында жол қызметтері тазарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді қолға алған.

Нұртас Қайролдаев