Негізгі Жаңалықтар Өнегелі отбасы

Өнегелі отбасы

Өнегелі отбасы – ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі. Бар ғұмырын білім мен тәрбиеге, адал еңбек пен ел игілігіне арнаған осындай жанұяның бірі – Мәденовтер әулеті. Шаурахмет пен Гүлжанат Мәденовтердің шаңырақ көтергеніне биыл 52 жыл. Осы уақыт ішінде олар бес бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 16 немеренің қызығын көріп отыр.

Отағасы Шаурахмет Мәденов – білім саласында 42 жыл еңбек еткен ардагер ұстаз. Зейнетке шыққанымен, ел ісінен қол үзген жоқ. Бүгінде аудандық соттың медиаторы, қоғамдық кеңес мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Еңбегі еленіп, бірнеше мәрте Президент Алғыс хаты және өзге де марапаттармен наградталған. Ол 2021 жылы Күршім ауданының Құрметті азаматы атанды.

Шаурахмет Мәденов, ардагер ұстаз:

Әр адам болашағы үшін мамандықты сондай сүю керек. Жақсы көру керек. Әрбір істі аяғына дейін жеткізу керек. Міне, мен мұғалім болып, қызмет істедім. Қазір де көп қоғамдық жұмыстарым, істеп жүрмін. Бас тартпаймын. Мектептерге кездесуге шақырады. Облысқа шақырады. Марқакөлге шақырады. Оған да барамын. 

Жұбайы Гүлжанат Мәденова да – ардагер ұстаз. Бастауыш сынып мұғалімі болып 38 жыл еңбек еткен ол талай баланы білімге баулып, сауатын ашты. 

Гүлжанат Мәденова, ардагер ұстаз:

Қазіргі заманда ақпарат өте көп ғой. Ойлаймын, қазіргі заманның балалары өте білімді, жан-жақты. Бұрын бұқым барлық кітапханаға барып, ақпарат қарау керек еді. Қолмен жазу керек. Білім аламын деген кісіге қазір бәрі дайын. Ақпарат өте көп. Мен ойлаймын қазіргі оқушылар жан-жақты. 

Жуырда Мәденовтер әулеті – «Мерейлі отбасы» өңірлік байқауының жеңімпазы атанды. Бұл жеңіс – еңбекпен, біліммен және тәрбиемен берік шаңырақ қалыптастырған ұйымшылдықтың көрінісі. Екі ұстаздың тәрбиесін көрген бес баланың бүгінде әрқайсысы өз саласында еңбек етіп жүр. Үлкен ұлы Саят – ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында қызмет етсе, Дулат – механизатор. Ал, тағы бір ұлы Фархаттың өз шаруа қожалығы бар. Қыздары Салауат пен Бекзат та өз ісінің мамандары. 

Салауат Шаурахмет, Ш.Мәденовтың қызы:

Ата-анам өте мейрімді. Бәрімізді осы күнге жеткізді. Алғысым шексіз. Бақытты отбасымыз. Әрқашан бізді ойлап, барлығын сұрап отырады. 2011 жылы тұрмыс құрдым. 15 жыл болды. 4 балам бар. 

Бүгінде Мәденовтердің әрқайсысы іргесі мықты елдің кірпіші болып қаланды. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым үлгілі отбасылар көбейген сайын мәңгілік елдің де көк байрағы желбіреп, тұғыры нығая түседі. Қазақи құндылықтарды бойына сіңірген Мәденовтер «Мерейлі отбасының» айқын дәлелі. 

Фатима Тілейханқызы

Бөлісу

Аймақтық телеарналар