Негізгі Жаңалықтар Табиғи қарбызға сұраныс жоғары

Табиғи қарбызға сұраныс жоғары

Күршімнің брендіне айналған қауын, қарбыз өсірумен биыл 32 шаруа қожалығы айналысып отыр. Табиғи жағдайы қолайлы өңірде диқандар бақша өнімдерін өсіруді жыл сайын дамытып келеді. Биыл шаруалар өнім көлемін арттырып, сұранысты өтеуге ниетті. 

Күршімдік Медет Далабаев әкесіне қолғабыс етіп, қарбыз өсіруді отбасылық кәсіпке айналдырған. Шаруа әулеті 25 жылдан бері жер игеріп, аудан тұрғындарын тәтті әрі сапалы қарбызбен қамтамасыз етіп келеді. Көкөніс пен бақша дақылдарын өсіретін бағбанның өнімін қала тұрғындары да арнайы тапсырыспен алдыртады. Себебі химиялық дәрі-дәрмектерді қолданбай, құмайт топырақта өскен қарбыздың дәмі өзге өңірлердің өнімінен ерекше.

Медет Далабаев, кәсіпкер:

Биыл 10 гектарға ектік. Ол судың шығуына байланысты. Биыл су бәрі жақсы. Жемісіміз әдемі шығып, ақырын қазір сатылып жатыр. Ерекшелік селитра қоспайды, таза. Өмірбақи еккенде селитра қоспай, қолданбай, таза, табиғи пысырады. Содан кейін дәмді болады ғой. 

Күршім ауданын қарбыздың отаны деуге толық негіз бар. Алайда биылғы қуаңшылық пен ауа райының қолайсыздығы шаруалардың жұмысына өз әсерін тигізді. Соның салдарынан бақша өнімдері әдеттегіден ерте пісіп, науқан күз басталмай-ақ аяқталуға жақын.

Ришат Искаков, Күршім аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Биылғы жылы 32 шаруа қожалық 250 гектар жерге бақша өнімдерін егіп отыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты өнімді биыл ертерек аяқтап отырмыз. Тамыз айының ортасында бітіп қойып отыр. Бұған дейін қыркүйек айының ортасына дейін бақша өнімдерін егумен айналысатын. Күршімнің бренді. Күршім ауданының Қалғұты окургінің табиғаты осы қарбыз егуге қолайлы жер. 2001 жылдары бізге Италияндық тұқым әкелінген болатын қарбыздың. Содан бері қазақстанның түпкір, түпкірінде біздің Күршім ауданының қарбызына сұраныс көп. Қай қалаға барсаңыздарда Күршімнің қарбызы деп тұрған саудагерлерді көре аласыздар. 

Ауданда игерілмей жатқан егіс алқаптарын қайтару, сондай-ақ бақша шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына қажетті көлемде жер учаскелерін беру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бақша егілетін жер көлемін ұлғайту да жоспарланып отыр.

Кәусар Идаятқызы

Бөлісу

Аймақтық телеарналар