Өңірдегі сайлау барысын тәуелсіз байқаушылар бақылауда ұстады
Аймақтағы бүгінгі дауыс беру барысы жіті бақылауда болды. Сайлау учаскелеріндегі бақылау күшейтілді. Процестің ашық әрі заң талаптарына сай өтуін бір жарым мыңға жуық тәуелсіз қоғамдық байқаушы қадағалады. Бұл туралы «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының ШҚО филиалының мамандары мәлімдеді.
Шығыс Қазақстан облысында Құрылтай сайлауының ашықтығын бірнеше қоғамдық ұйымның өкілдері бақылады. Байқаушылардың айтуынша, сайлау процесі штаттық режимде өткен. Тек Өскеменнің өзінде сайлаудың ашық әрі заң талаптарына сай өтуін «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының облыстық филиалынан 363 маман қадағалады.
Людмила Захарова, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» РҚБ ШҚОФ жетекшісі:
Бұл тек біздің ұйым ғана емес, серіктес ұйымдар да бар. Жалпы тәуелсіз байқаушылардың саны – бір жарым мыңға жуық. Байқаушылар ең алдымен заңбұзушылықтарға жол берілмеуін қадағалайды. Мәселен, бір кабинаға бірнеше адамның бірге кірмеуін, бюллетеньдердің жәшікке заңсыз тасталмауын бақылайды. Сонымен қатар, үйде дауыс беру кезінде де бақылау жүргізіледі. Яғни, алдын ала өтініш жазған азаматтардың үйлеріне сайлау жәшігі шығарылған жағдайда, байқаушылар шығарылған бюллетеньдер саны мен дауыс берген азаматтардың санының сәйкестігін тексереді. Бұдан бөлек, учаскеге кірген сайлаушылардың санын есептеп, бұл мәліметтерді бізге ұсынады. Ал, соңында сайлау қорытындысы бойынша хаттама дайын болған кезде, осы деректер арқылы сайлаудың қаншалықты әділ өткенін салыстыра аламыз.
Коалиция өкілдерінің айтуынша, бақылаудың күшеюі сайлау процесінің әр кезеңін жіті қадағалауға мүмкіндік береді.
Людмила Захарова, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» РҚБ ШҚОФ жетекшісі:
Биыл байқаушылардың саны артты. Бұған дейін бір мыңға жуық байқаушы болса, қазір олардың санын едәуір көбейттік. Негізгі мақсатымыз – сайлау процесінің барынша ашық өтуін қамтамасыз ету және оның қалай ұйымдастырылып жатқанын жан-жақты бақылау. Бұл – тек біздің қоғамдық бірлестігіміз емес. «Дауыс» коалициясының құрамына бірнеше ұйым кіреді. Сол ұйымдар өңірдегі сайлау учаскелеріне тәуелсіз байқаушыларын жіберді. Олардың барлығы облыс бойынша аккредиттелген ұйымдар.
Байқаушылардың мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында сайлау процесіне заңбұзушылықтар тіркелмеген.
Фатима Тілейханқызы