Құрылтай депутаттарының сайлауы
Елімізде Құрылтай сайлауы жалғасуда. Облыс орталығында да саяси науқанға байланысты сайлау учаскелерінде тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген. Таңғы уақыттан бері тұрғындар өз учаскелеріне келіп, дауыс беру рәсіміне қатысуда.
Бүгін елде маңызды саяси науқан өтуде. Облыс орталығындағы №49 сайлау учаскесінде де дауыс беруге келген азаматтарды қабылдау жұмысы қарқынды. Таңнан бері учаскеге келген тұрғындарға дауыс беру тәртібі түсіндіріліп, сайлау рәсімдерінің белгіленген талаптарға сай өтуіне көңіл бөлінуде. Сонымен қатар сайлаушылардың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жасауына қажетті жағдайлар қарастырылған. Учаске мүшелері дауыс беру процесінің талапқа сай ұйымдастырылуын қамтамасыз етуде.
Ермек Төлегенов, №49 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
Бүгін сайлау учаскесі ашылғаннан бастап сайлаушылардың белсенді қатысуы байқалады. Біздің учаскеге шамамен 2824 адам тіркелген. Сайлау комиссиясының барлық мүшесі оқудан өтті, сертификаттар алды, біздің учаске стандарттарға сәйкес безендірілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабина бар.
Сайлау учаскесіне келген тұрғындар үшін дауыс беру рәсімі қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Азаматтар өз таңдауларын жасап, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді түрде қатысуда. Тұрғындардың пікірінше, мұндай саяси үдеріске әр азаматтың қатысуы – өз ұстанымын білдірудің маңызды жолы. Олар бүгінгі таңдаудың елдің болашағы мен алдағы даму бағыты үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ әрбір азаматтың өз құқығын пайдаланып, дауыс беру арқылы қоғамдық өмірге араласуы маңызды екенін жеткізуде.
Галина Адамбаева, қала тұрғыны:
Бүгінгі міне болып жатқан саяси науқанды біздің Қазақстанымыздың болашағы үшін, келешегі кемелденген, балапандарымыздың үлкен Қазақстанымыздың өсіп, өркендеуіне өз үлестерін қосып, керемет бір елде сүреді деп ойлаймын. Біздің Қазақстанымыз жылдан жылға өркендеп келе жатыр. Осы Құрылтайдан біз көп жақсылық күтеміз. Тек қана балаларға ғана емес, зейнет жасындағы адамдарға да. Ме бүгін өз таңдауымды жасадым. Сол үшін бүгінгі науқанға қатысқаныма қуаныштымын.
Қариялар мен аға буын өкілдері де сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық борышын орындап, өз таңдауын жасауда. Ғасырлар тоғысында елдің талай тарихи кезеңін көрген аға буын үшін әрбір сайлаудың орны ерекше. Олар дауыс беру арқылы елдің ертеңіне өз үлесін қосып, кейінгі ұрпаққа азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.
Айтжамал Мұхамеджанова, қала тұрғыны:
Енді міне артымызда келе жатқан... Бүгін елімізде тарихи күн. Барлық жақсылықты тілеймін.
Сайлау күні әр буын өкілдерінің қоғамдық өмірге деген көзқарасы да байқалды. Учаскеге келген түрлі жастағы тұрғындардың ортақ ұстанымы - елдегі өзгерістер мен қоғамдық мәселелерге бейжай қарамау екені көрінді.
Бекарыс Энгельс