Диагностика енді өңірде қолжетімді
Өскемендегі Ана мен бала орталығында седация арқылы магниттік-резонанстық томографиядан өтуге мүмкіндік бар. Бұл аймақтағы науқастарға МРТ жасайтын жалғыз медициналық мекеме. Бұған дейін мұндай тексеруден өту үшін тұрғындар облыстық ауруханада кезек күтуге немесе республикалық маңызы бар қалаларға баруға мәжбүр болған. Енді заманауи диагностика қызметі қолжетімді бола түсті.
МРТ кезінде нақты әрі сапалы кескін алу үшін науқас толық қимылсыз жатуы керек. Бұл дәрігерге зерттеу нәтижесін дұрыс бағалап, нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Алайда кішкентай балалардың ұзақ уақыт бойы бір қалыпта тыныш жатуы қиын. Сондықтан Шығыс Қазақстан облысында балаларға МРТ зерттеуі седация арқылы жүргізіледі.
Бақытгүл Даниярова, ШҚО Ана мен бала орталығының сәулелік-функционалдық диагностика бөлімінің меңгерушісі:
2025 жылдың басынан бастап бізге 1,5 тесла қуаттылығындағы МРТ аппараты орнатылды. Бұл – «алтын стандарт» деп есептеледі, өйткені осы аппараттың көмегімен диагноздардың 99 пайызы қойылады. Біз Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының балаларын тексеруден өткіземіз. Бұған дейін балаларға арналған МРТ аппаратымыз болмаған. Қазір контрастсыз, контрастпен және седация арқылы зерттеулер жүргіземіз. 5 жасқа дейінгі балаларға зерттеу міндетті түрде седация арқылы жүргізіледі. Себебі тексеру кезінде кескіндердің анық болуы және рентгенолог дәрігердің дәл диагноз қоюы үшін бала 20 минут бойы қимылсыз жатуы қажет.
МРТ зерттеуі кезінде баланың тыныш жатуын анестезиолог маман қадағалайды. Тексеру алдында кішкентай науқастың денсаулық жағдайын мұқият бағалап, оған ең қолайлы седация әдісін таңдайды. Зерттеу барысында баланың жағдайын үнемі бақылауда ұстайды. Бұл тексерудің қауіпсіз әрі жайлы өтуіне мүмкіндік береді.
Салтанат Байдолдина, ШҚО Ана мен бала орталығының дәрігер анестезиолог-реаниматологы:
Мұнда балаларға седациямен анестезияның бірнеше түрін қолданамыз. Негізінен маскалық наркоз, дәрілік препараттарды көктамыр арқылы енгізу арқылы жасалатын наркоз және интубациялық наркоз қолданылады. Интубациялық наркоз кезінде бала интубация жасалып, жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылады. Зерттеу аяқталған соң наркоздан шығарамыз. Ол үшін бізде арнайы ояту палатасы бар, сол жерде балалардың жағдайын бақылап, оятамыз. Көпшілік наркоздың қандай да бір асқынулары мен қиындықтары болады деп ойлайды. Бірақ бұл әрдайым олай емес. Маскалық наркоз — ең қауіпсіз әдістердің бірі. Біз көбінесе осы әдісті қолданамыз. Кейде көктамырішілік немесе интубациялық наркозды пайдаланамыз, бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі.
Енді Ана мен бала орталығына тек Шығыс Қазақстанның аудандарынан ғана емес, көршілес облыстардан да науқастар келіп, тексеруден өтуде. Бұл — қажетті диагностиканы басқа қалаларға бармай-ақ, өз өңіріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді.
Ольга Тюменева, Шемонаиха ауданының тұрғыны:
Біз Шемонаиха ауданынан жолдамамен келдік. Жолдаманы аудандық дәрігер-педиатр берді. Баланы МРТ-дан өтуге кезекпен жаздырдық. Жазылып, қажетті талдауларды тапсырдық, дайындықтан өттік. Енді барлық талдауларымызды алып, МРТ-дан өтуге келдік.
Мұндай диагностикалық тексеруге сұраныс жоғары болғанымен, зерттеуден ұзақ уақыт күтпей өтуге болады. Қабылдауға жазылу әдеттегі тәртіппен жүргізіледі, ал тексеру алдын ала берілген жолдама және қажетті дайындықтан кейін жүзеге асырылады. Бұл науқастарға өңірде МРТ-дан артық әуре-сарсаңсыз және басқа қалаларға бармай-ақ өтуге мүмкіндік береді.
Аяулым Усинова