Негізгі Жаңалықтар Әрбір сәби - үлкен үміт

Әрбір сәби - үлкен үміт

Ерен еңбек пен қажыр-қайраттың нақты көрінісін күнделікті перзентханалардан көруге болады. Әсіресе, өмір есігін ерте ашып, әрбір тынысы үшін арпалысып жатқан шақалақтарды аман алып қалу – нағыз ерлік. Бұрын қазақ шала туған баланы тымаққа салып бақса, бүгінде заманауи медицина мен білікті дәрігерлердің арқасында салмағы бір келіге де жетпейтін нәрестелер «әйнек бесікте» жетіліп жатыр. Тіпті олардың сапалы өмір сүруіне толық мүмкіндік бар. Әр секунд үшін жанталасатын неонатолог дәрігерлердің бірі Жұлдыз Абулова. Маманның бір күндік жұмысы қалай өтеді? Келесі бейнематериалда.

Жұлдыз Абулова - шала туған нәрестелердің ғұмыры үшін күресіп, ата-аналарға үміт сыйлап жүрген жандардың бірі.Мейлінше өмірге құштар шақалақтарды адам қатарына қосып келе жатқанына, міне, 16 жыл. Орталықта туғанына небәрі 12 күн болған сәбиде бар. Ол дүниеге келгенде салмағы 749 грамм болған. Қазір дәрігерлер үшін оның қосқан әрбір грамы — үлкен қуаныш. Нәрестені жансақтау бөлімінде мамандар мен арнайы аппараттар тәулік бойы бақылауда ұстайды. Мұнда жарық бәсең, тыныштық сақталған. Мұның бәрі сәбиге ана құрсағындағы жағдайға барынша жақын орта қалыптастыру үшін жасалған.

Жұлдыз Абулова әр пациентімен сөйлесуге тырысады. Дәрігердің айтуынша, сәби өзін жалғыз сезінбеуі керек. Бөлімде «кенгуру» әдісі де енгізілген. Яғни аналарға балаларын қолына алып, олармен жақын қарым-қатынаста болуға мүмкіндік беріледі. Ана мен баланың «терімен теріге» жанасуы екеуіне де тыныштық сыйлайды. Ең бастысы — ана мен сәби бір-бірін сезініп, арасындағы байланыс нығая түседі.

Айнұр Сапарғалиева, жаңа туған нәрестенің анасы:

27-ші апта болып, экстренно реанимацияға түсіп, кесарево жасалды. Алғысым шексіз. Жоғары деңгейде барлық көмектерін, емдерін қабылдауға ықпал жасап жатыр. Балаға өте жақсы қарайды. Сонымен қатар осы бөлім медбикелері де өте білімді, өте жоғары деңгейлі. Көмектерін аямай күні түні көрсетіп жатыр. Алғысым шексіз. 

Дәрігерлер сәбилердің денсаулығы үшін күресіп жатқанда, оларға аурухана сыртындағы жандар да қолдау көрсетеді. Бөлімге жаңа киімдер мен ойыншықтар жеткізілді. Оларды «28 ілмек» еріктілер клубының мүшелері тоқиды. Сыйлықтардың ішінде ерекше сегізаяқ ойыншықтар да бар. Оның қармалауыштары кіндік бауына ұқсайды. Сондықтан сәби олардан ұстап, өзін тыныш әрі жайлы сезіне алады. Ал Жұлдыз Абулова кәсіби біліктілігін арттыруды жалғастырып келеді. Ол Израиль мен Түркияда білімін жетілдірген. Қазір алған тәжірибесі мен білімін әріптестерімен бөлісіп жүр.

Сандуғаш Смаилова, аға медбике:

Ол кісімен мен 15 жылдай бірге жұмыс атқарамыз. Жұлдыз Өміртаевна қазір неонатология қызметінің басшысы. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімі мен тәжірибесін ұжыммен бөлісе білетін білікті басшы деп білемін. Жұлдыз Өміртаевнаның сабырлығы, кәсібилдігі, адамгершілігі біз үшін үлкен үлгі. 

Сәбидің жағдайы жақсарып, салмағы артқан соң, оны патология бөліміне ауыстырады. Мұнда ол анасымен бірге болады. Барлық көрсеткіштері қалыпты болған жағдайда анасы мен баласы үйіне шығарылады.

Жемісгүл Торғауыт, жаңа туған нәрестенің анасы:

32-аптамда өз ұлымды босандым. Кесарево арқылы. Балама ауа жетпеуіне байланысты ерте босандырды. Қазір баламның жағдайы жақсы, екі апта реанимацияда болдық. Бала 840 грамм болып дүниеге келді. Қазір біртіндеп салмақ қосып келміз. Дәрігерлерге, медбикелерге көп рахмет. 

Мұнда әр сәбидің өз тарихы бар. Ал медицина қызметкерлері олардың әрқайсысы үшін өз баласындай алаңдайды.

Жұлдыз Абулова, неонатология қызметінің жетекшісі:

Экстремалды төмен дене салмағымен туған сәбилерді аман алып қалу көрсеткіші артып келеді. Яғни салмағы бір келіге жетпейтін нәрестелердің өмір сүру мүмкіндігі жыл сайын жоғарылап отыр. Биыл бұл көрсеткіш 80 пайызға жетті. Бұл — бүкіл ұжымның ерен еңбегінің нәтижесі. Олар тәулік бойы сәбилердің жанында болып, жағдайын бақылауда ұстайды. Осындай еңбектің нәтижесін көріп, балалардың аман-есен өсіп келе жатқанын білу — біз үшін үлкен қуаныш.

Мамандардың айтуынша, мерзімінен бұрын босануға түрлі себеп әсер етеді. Олардың қатарында ананың денсаулығына қатысты мәселелер, жүктілік кезіндегі асқынулар және жас ерекшелігі бар. Дегенмен дер кезінде көрсетілген медициналық көмек пен білікті мамандардың еңбегі талай сәбидің аман-есен өмірге келуіне мүмкіндік беріп отыр. Ал дәрігерлер үшін ең үлкен қуаныш — анасына сәбиін аман-есен табыстау. Ең бастысы, баланың дені сау болып, толыққанды өмірге қадам басуы. Бұл — ақ халаттылар еңбегінің ең үлкен нәтижесі.

Кәусар Идаятқызы

Бөлісу

Аймақтық телеарналар