Негізгі Жаңалықтар Халықаралық олимпиада жүлдегері Шығысқа оралды

Халықаралық олимпиада жүлдегері Шығысқа оралды

Өскемен әуежайынан халықаралық олимпиада жүлдегері Алан Козленконы жақындары мен ұстаздары қарсы алды. 11-сынып оқушысы Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен IGeO-2026 география олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында бақ сынап, күміс медаль иеленді. Айта кетейік, бұл - жас географтың биылғы халықаралық деңгейдегі алғашқы жетістігі емес. Алан бұған дейін Болгарияда өткен Еуропалық жарыста қола жүлдеге ие болған.

12-17 тамыз аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен IGeO-2026 олимпиадасына әлемнің 50-ден астам елінен 180-нен астам оқушы қатысты. Оқушылар теориялық біліммен қатар, картамен жұмыс істеу, жергілікті аумақты зерттеу және практикалық тапсырмаларды орындау қабілеттерін көрсетті. Ел құрамасы қорытынды есепте 2 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орынға тұрақтады.

Алан Козленко, IGeo-2026 халықаралық география олимпиадасының күміс жүлдегері:

Сайыстың ең жауапты кезеңі практикалық тур болды. Онда біз бейтаныс елде арнайы маршрутпен жүріп, жол бойындағы тапсырмаларды орындадық. Бағытты дұрыс анықтап, уақытты тиімді пайдалану үлкен сынға айналды. Маған жан-жақты қолдау көрсеткен елімізге шынайы алғысымды білдіремін. Дайындық кезінде тәжірибелі жаттықтырушылармен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ, әрдайым сенім артып, моральдық әрі материалдық қолдау көрсеткен «Білім-Инновация» лицейіне ризашылығым зор.

Жас географ үшін бұл – биылғы екінші халықаралық жүлде. Алдымен Болгарияда өткен жарыста қола медаль иеленген. Арада екі айға жуық уақыт өткенде, Ыстамбұл төрінде одан да жоғары нәтиже көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізген. 

Алмагүл Жамбылова, А. Козленконың анасы:

Бұл – Аланның жаз мезгіліндегі кезекті жетістігі. Күміс жүлде иеленгенін естігенде қатты қуандық. Бұл марапат – ұзақ жылғы еңбектің жемісі. Ол 7-сыныптан бастап тыңғылықты дайындалып келеді. Жазғы демалысын да тиімді пайдаланып, бар уақытын білімін жетілдіруге арнады. Ұлымның дамуына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан лицей ұжымына алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, Білім министрлігіне және дайындық жұмыстарына елеулі үлес қосқан «Шығыс дарынына» ризашылығымызды білдіреміз.

Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір күміс медальді салған – шығысқазақстандық Әмір Дарынов. 11-сынып түлегі Ыстамбұлда өткен халықаралық география олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломға ие болған. Жас географ үшін бұл – халықаралық аренадағы кезекті жетісдігі дейді анасы.

Майра Жақсылықова, Ә. Дарыновтың анасы:

Жылдар бойы жасаған еңбегі бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Түркияда өткен халықаралық олимпиадада екінші орын алып, күміс медаль иеленді. Қазір Әмір үйге оралмады. Бүгін Италияға жол тартады. Ол жақта Жер туралы ғылымға арналған тағы бір халықаралық олимпиада өтеді. Енді сол байқаудан да жүлделі оралады деп үміттенеміз.

Шығысқазақстандық оқушылардың халықаралық білім додаларындағы жетістігі – өңірдегі дарынды жастардың әлеуетін көрсетеді. Бүгінде олар республикалық қана емес, әлемдік деңгейдегі сайыстарда да топ жарып, ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Әлима Ақылбек, Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Жүлделі орын алған оқушыларымызды күтіп алып жатырмыз. Бұл оқушыларымыз білім инновация мектебінің оқушылары. Халықаралық олимпиядада екінші орынды иеленіп отыр. Бұл үлкен қуаныш. Тек тіздің Шығыс Қазақстан облысының намысын қана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғап келген оқушыларымыз. Жалпы біздің оқушыларымыз көптеген олимпиядаларға қатысады. Биылғы оқу жылында жалпы саны 171 медаль иеленді. Соның 37 бүгін алтын медаль иегерлері. 

Жеңіп алған медальдар – қажырлы дайындықтың және ұстаздардың қолдауының нәтижесі. Алда жас географтарды жаңа білім додалары мен биік мақсаттар күтіп тұр. Ең бастысы – халықаралық аренада туған өлкенің ғана емес, тұтас елдің абыройын лайықты қорғау.

 Нұртас Қайролдаев

Бөлісу

Аймақтық телеарналар