Негізгі Жаңалықтар Семсерлесуден әлем чемпиондары елге оралды

Семсерлесуден әлем чемпиондары елге оралды

Өскемен әуежайында семсерлесуден әлем чемпиондары – Руслан Құрбанов пен Кирилл Проходовты салтанатты түрде қарсы алды. Қазақстанның ерлер құрамасы отандық спорт тарихында айтулы жетістікке жетті. Гонконгта өткен әлем чемпионатында қазақстандық семсерлесушілер командалық сайыста 46 мықты құрамадан басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.

Әуежайда чемпиондарды өңірдің спорт қауымдастығы, жаттықтырушылар, жанкүйерлер мен жас семсерлесушілер зор қошеметпен қарсы алды. Ел намысын абыроймен қорғап, әлемдік аренада топ жарған спортшыларды көпшілік ерекше ықыласпен күтті. Кирилл Проходовтың алғашқы жаттықтырушысы Ксения Вендерских бұл жеңіс шәкірті үшін үлкен жетістіктерге бастар жолдың бастауы ғана деп есептейді.

Ксения Вендерских, жаттықтырушы:

Оның әлеуеті зор, менің ойымша, ол өзінің мүмкіндігін әлі толық пайдаланып үлгерген жоқ. Алдағы уақытта да жақсы нәтижелер көрсетіп, халықаралық ареналардың барлығында Қазақстанның көк туын биікте желбірете беретініне сенеміз. 

Тарихи алтынға жету жолы оңай болған жоқ. Жарыс барысында қазақстандық семсерлесушілер Финляндия, Өзбекстан, Дания және Мысыр құрамаларынан басым түсті. Ал финалда мықты Украина командасымен сынға түсті. Шешуші жекпе-жек соңғы сәтке дейін тартысты өтті. Дегенмен спортшыларымыздың сабырлылығы мен командалық ауызбіршілігі өз нәтижесін беріп, Қазақстан құрамасы 45:40 есебімен жеңіске жетті. Команда көшбасшысы Руслан Құрбанов бұл медальдің артында талай жылдық тынымсыз еңбектің тұрғанын айтады.

Руслан Құрбанов, семсерлесуден әлем чемпионы:

Меніңше, әрбір спортшы, соның ішінде мен де, Олимпиада ойындарында жеңіске жетуді қалаймыз. Менің бала кезден бергі арманым – әлем чемпионатында және, әрине, Олимпиада ойындарында алтын медаль алу. Бұл мақсатқа жету үшін үлкен жарыстарда шыңдалу керек. Гран-при кезеңдері, әлем кубогы, Азия чемпионаты, Азия ойындары сияқты көптеген бәсекелер бар. Осындай жарыстардың барлығы спортшыны ең биік деңгейдегі додаларға дайындайды.

Чемпионатта жарқыраған жас спортшылардың бірі – 19 жастағы Кирилл Проходов. Бұл – оның әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісі. Бұған дейін атақты семсерлесушілерді өзіне үлгі тұтып келген Кирилл енді сол спортшылармен бір командада өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанды.

Кирилл Проходов, семсерлесуден әлем чемпионы:

Мен оларды бала кезімнен көріп, жарыстарын бақылап өстім. Қазір де олармен бір командада жүргеніме сену қиын. Алдағы мақсатымыз – Жапонияда өтетін Азия ойындары. Қазір бар күшімізді сол жарысқа дайындыққа жұмсаймыз. Бұл – біз үшін өте қуанышты сәт. Өйткені бүкіл маусым бойы жасаған еңбегіміз әлем чемпионатында өз жемісін берді. Алтын медальға әбден лайық болдық. 

Қазақстан құрамасының өсімі айқын көрінеді. Өткен жылы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген команда бұл жолы тәртіп пен табандылықты, жоғары шеберлікті ұштастыра отырып, ең биік тұғырға көтерілді. Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатының алтынын еншіледі.

Аяулым Усинова

Бөлісу

Аймақтық телеарналар