Негізгі Жаңалықтар «Торпедо» Қазақстан кубогында «Ақтөбені» жеңді

«Торпедо» Қазақстан кубогында «Ақтөбені» жеңді

ҚР Кубогы бәсекесінде «Торпедо» жанкүйерлерін қуантты. Турнирдің топтық кезеңіндегі кезекті ойында өскемендік хоккей клубы «Ақтөбемен» кездесті. Тартысты өткен ойында алаң иелері қарсыласынан басым түсіп, маңызды жеңіске қол жеткізді.

«Торпедо» – «Ақтөбе» арасындағы матчтың алғашқы минуттары тартысты басталды. Өскемендік хоккейшілер шайбаға көбірек иелік етіп, қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірінші кезеңде алаң иелерінің қысымы нәтижесін берді. Көк сызықтан бағытталған дәл соққы «Торпедоны» алға шығарды. Екінші жиырма минуттықта «Ақтөбе» ойын қарқынын күшейтіп, есепті теңестірді. Жасалған жойқын соққы қақпашыны қапы қалдырып, таблодағы есеп 1:1-ге өзгерді.

Антон Петров, «Ақтөбе» командасының капитаны:

Кеше өткен ойыннан кейін жиналған шаршау да әсер еткен шығар. Көп күш жұмсадық, өз мүмкіндіктерімізді толық пайдалана алмадық. Қазір команда қалыптасу кезеңінде. Жақсы оқу-жаттығу жиынын өткіздік, әлі де дайындық жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Психологиялық тұрғыдан да команда жаңарды. Қазір бір-бірімізге үйренісіп, ортақ тіл табуға тырысып жатырмыз. Ойыншылардың буындары қалыптасып келеді. Жалпы, бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр, маусымға толыққанды дайындалудамыз. Біз әрқашан тек жеңіс үшін ойнаймыз. Тактика бойынша бапкерлер штабы тиісті түзетулер енгізеді деп ойлаймын. Ал жартылай финалға толық дайындықпен шығамыз.

Шешуші сәттер үшінші кезеңге тиесілі болды. «Торпедо» қарсылас қақпасына бағытталған дәл соққыдан кейін қайтадан алға шықты. Кейін «Ақтөбе» қорғаушысының конькиінен тиген рикошет өскемендік команданың басымдығын еселей түсті. Қорытынды сирена «Торпедоның» 3:1 есебіндегі жеңісін тіркеді.

Диас Гусейнов, «Торпедо» командасының шабуылшысы:

Бүгін жеңіске жеттік, барша жанкүйерлерімізді жеңіспен құттықтаймын. Қарсылас командаға да жақсы ойын көрсеткені үшін алғыс айтамын. Олар тартысты хоккей көрсетті. Үш кезең де өте тартысты өтті, бәріміз жеңіске қуаныштымыз. Осындай керемет атмосфера қалыптастырған жанкүйерлерге рақмет! Бұл ортаны олар өздерінің дауысы мен хоккейге деген сүйіспеншілігі арқылы қалыптастырады. Ойын өте тартысты өтті. Шайбаны көк сызыққа көтердік, бәрін қарапайым орындадық. Шайбаны әрі қарай бағыттап, сол жерден қақпаға соққы жасадым. Қақпашының жолын жақсы жауып тұрды, нәтижесінде әдемі гол соғылды. 

Қақпаға бағытталған соққылар саны бойынша да «Торпедо» 37:22 көрсеткішімен айқын басымдық танытты. Беттестіру нүктесіндегі нәтиже де 33:19 есебімен өскемендік команда пайдасына шешілді. Айып уақыты бойынша «Торпедо» хоккейшілеріне 2 минут, ал «Ақтөбе» ойыншыларына 6 минут берілді. Осылайша кездесу 3:1 есебімен «Торпедоның» жеңісімен аяқталды.

Бекарыс Энгельс 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар