Негізгі Жаңалықтар Өңірдегі бетон өндірісі

Өңірдегі бетон өндірісі

Өңірде құрылыс саласына қажетті бетон өнімдері заманауи технологияның көмегімен өндірілуде. Кәсіпорында тауарлық бетон дайындалып, одан темірбетон бұйымдары, соның ішінде құдық сақиналары мен іргетас блоктары жасалады. Мұнда еңбек пен технологияны ұштастырған мамандар күнделікті өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде. Кәсіпорынның бүгінгі тынысы — тұрақты еңбек пен табанды ізденістің нәтижесі.

Облыс орталығында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «ИНДУСТРОЙ-2» кәсіпорны өңірдің құрылыс индустриясына қажетті өнімдерді жасаумен айналысады. Кәсіпорын осы жылдар ішінде өндірістік әлеуетін қалыптастырып, бетон және темірбетон бұйымдарын шығаратын тұрақты өндіріс орнына айналды. Бүгінде мұнда құрылыс нысандарына қажетті тауарлық бетон, іргетас блоктары мен түрлі өлшемдегі құдық сақиналары өндіріледі.

Муса Джамиев, «Индустрой-2» ЖШС басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда зауыттың тауарлық бетон өндіруге мүмкіндігі бар. Өндірісте Elkon компаниясының жабдығы қолданылады, оның қуаты сағатына 120 текше метрге дейін бетон өндіруге мүмкіндік береді. Зауыт жұмысы жартылай автоматтандырылған. Алдымен қажетті материалдар арнайы бункерлерге тиеледі. Одан әрі компьютерлік бағдарлама өндіріс құрамын автоматты түрде есептеп, қажетті мөлшердегі су, құм және цементті белгілейді. Осылайша бетон дайындау үдерісі технологиялық талаптарға сай дәлдікпен жүзеге асырылады.  

Өндірістегі әрбір технологиялық үдерістің өз тәртібі мен жауапты мамандары бар. Құдық сақиналарын дайындау кезінде арматураны орналастырудан бастап, бетонды қалыпқа құю мен оны арнайы құрылғы арқылы нығыздауға дейінгі жұмыстардың барлығы сатылай жүзеге асады. Мұндай күрделі үдерістің үздіксіз жүруін қамтамасыз ету үшін өндірістегі техникалық жұмыстардың үйлесімді ұйымдастырылуы маңызды.

Тоқтар Кужбанов, бас инженер:

Қазіргі заманда көбі компьютермен істейді. Мысалы мына апараттар болса, олар ертерек келген. Ал біздің бетонный завод өзі полностью компьютеризованный. Түркиядан алғанбыз. Сағатына 120 текше метр бетон шығарылады. Сол бетонды әкеліп осында түрлі бұйымдар жасаймыз. 

Өндірісте дайын өнімнің сапасын анықтау тек сыртқы көрінісіне қарап бағалаумен шектелмейді. Әрбір бұйымның беріктігі арнайы бақылау арқылы тексеріледі. Бұл ретте зертхана мамандарының жұмысы ерекше маңызға ие. Өйткені бетонның нақты беріктігін анықтау үшін оның өндірістен шыққан сәтінен бастап белгілі бір уақыт аралығындағы қасиеттерін бақылау қажет. Кәсіпорын зертханасында бетонның сапасын бағалаудың арнайы тәртібі қалыптасқан.

Альбина Мақсатқызы, зертхана қызметкері:

Менің жұмысым — бетоннан үлгі ретінде алынған текшелерді дайындап, олардың беріктігін тексеру. Бұл — сапаны бақылау жұмысы. Бетон қоспасы дайын болғаннан кейін, одан арнайы текшелер қалыптаймыз. Олар зертханада 28 тәулік сақталады. 28 күннен кейін арнайы престе қысып, беріктігін тексеремін.

Осылайша, бір өндіріс алаңында бірнеше бағыт тоғысып, ортақ нәтижеге жұмыс істеп келеді. Шикізатты дайындаудан бастап бетон өндіру, одан темірбетон бұйымдарын қалыптастыру, сапасын зертханада тексеру және дайын өнімді тапсырыс берушіге жеткізуге дейінгі әр кезеңнің өз жауапкершілігі бар.

Бекарыс Энгельс

Бөлісу

Аймақтық телеарналар