Негізгі Жаңалықтар Ауыл кәсіпкерлері жеңілдетілген несие ала алады

Ауыл кәсіпкерлері жеңілдетілген несие ала алады

Бизнес-идеяңыз бар, бірақ оны жүзеге асыруға қаражатыңыз жетпей ме? Онда «Ауыл Аманаты» бағдарламасы сізге тиімді мүмкіндік ұсынады. Бағдарлама аясында ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерге жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Қаражатты кімдер ала алады? Қандай жобалар қаржыландырылады? Несие көлемі қанша және оны алу үшін қандай талаптар қойылады? Тілші зерттеп көрді. 

Самсоновка ауылында кәсіпкер Марат Ысқақовтың ағаш өңдеу цехы бүгінде қызу жұмыс істеп тұр. Мұнда облыстың түкпір-түкпірінен тапсырыс келіп түседі. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының көмегімен кәсіпкер қажетті құрал-жабдықтарын алып, өндірісін іске қосқан. Жобаға бөлінген қаржы кәсібін кеңейтіп қана қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген. Несие мөлшерлемесі - небәрі 2,5%.

Марат Ысқақов, кәсіпкер:

2024 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы туралы білдік. Бізге ақпарат берді, кепіл қойдық, өтінім бердік. 2025 жылы осы станоктарды, яғни қажетті жабдықтарды сатып алуға 30 миллион теңге бөлінді. Біз барлық жабдықты жаңадан сатып алдық. Осы жылдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Бізде цилиндрлеу станогы жұмыс істейді. Көбіне бөренеден монша мен үй жасауға тапсырыстар түседі. Дайын конструкцияларды жасап, кейін сол жерде үй құрастырылады. Барлығы өзіміздің материалдан жасалады. Шикізатты - дөңгелек ағашты сатып алып, кесеміз, тақтай жасаймыз. Сонымен қатар қаңқалы үйлер де саламыз.

Бүгінде цехтағы өндіріс өз жұмысын жалғастырып, тапсырыстар кезең-кезеңімен орындалуда. Бағдарлама арқылы алынған заманауи жабдық кәсіпкердің жұмысын жаңа деңгейге көтерді. «Ауыл Аманаты» бағдарламасына жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері қатыса алады. Қаржыландыру мерзімі жоба бағытына қарай белгіленеді. Ауыл шаруашылығына қатысы жоқ жобаларға - 5 жылға дейін, ал ауыл шаруашылығы мен өнімді қайта өңдеуге - 7 жылға дейін. Несие көлемі - 2500 АЕК-ке дейін. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және кооперативтерді дамыту жобалары үшін 8000 АЕК-ке дейін қаржы қарастырылған.

Дидар Мажиринов, «Ертіс» ӘКК» АҚ кредиттеу департаментінің директоры:

2,5 пайыздық мөлшерлеме қазіргі таңда нарықтағы бірегей ұсыныс болып отыр. Себебі бизнесті дамытуға несие берудің мұндай жеңілдетілген шарттары нарықта жоқ. Бұл бағдарлама аясында бағдарламаның әкімшісі бекіткен басым бағыттар қаржыландырылады. Атап айтқанда, мал шаруашылығын дамыту, өсімдік шаруашылығы, туризм жобалары, жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобалары. Жақында қолдаудың жаңа бағыты пайда болды. Ол - ауылдық елді мекендердегі ауыл шаруашылығына қатысы жоқ кәсіп түрлерін дамыту.

Бағдарламаға қатысу үшін өтінім беруші талапқа сай кепіл мүлкін ұсынуы керек. Қарыз алушыға қойылатын талаптардың бірі – микрокредитті өтеу кезінде жасы 21-ден 63 жасқа дейін болуы. Сонымен қатар кредиттік тарихы оң, бюджет алдында берешегі және атқарушылық өндірістері болмауы қажет. Қаржы берілгеннен кейін мамандар оның мақсатты жұмсалуын бақылап, мониторинг жүргізеді. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілдері кәсіпкердің өндіріс орнына барып, жұмыстың барысымен танысады және алынған жабдықтардың мақсатқа сай пайдаланылуын тексереді.

Марат Ысқақов, кәсіпкер:

Келіп, жұмысымызды көреді, бағалайды. Оларға да ұнайтын сияқты. Өйткені берген қаражаттарының мақсатты жұмсалып жатқанын көріп отыр. Біздің бухгалтеріміз бар, барлық есептілікті тапсырамыз. Жұмысшыларға жалақы төлейміз, зейнетақы жарналарын аударамыз. Қанша адам жұмыс істейтіні, олардың жалақы алатыны және зейнетақы жинақтарының қалыптасып жатқаны көрсетіледі.

 «Ауыл Аманаты» – ауылдағы кәсіпті дамытуға, жаңа жобаларды іске қосып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін тиімді бағдарлама. Жеңілдетілген қаржының арқасында ауыл кәсіпкерлері өз ісін дамытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Бөлісу