Негізгі Жаңалықтар Ғасыр жасаған ардагерге құрмет көрсетілді

Ғасыр жасаған ардагерге құрмет көрсетілді

Облыс орталығында елдің ардақты азаматы, ғасыр құрдасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Макар Харинға құрмет көрсетілді. Ғибратты ғұмыр кешіп, ел басына күн туған шақта майдан даласында ерлік көрсеткен ардагердің өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі. Құрмет шарасы қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды. 

Салтанатты жиынға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, ғасыр құрдасын айтулы мерекемен құттықтады. Ол ардагердің майдандағы ерлігін ерекше атап өтіп, ел үшін еткен еңбегіне алғысын білдірді. Оның өнегелі ғұмырының соғыспен өрнектелгенін, сол қиында болса ғибратты ғұмыры бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі екенін, оларды Отан сүйгіштікке тәрбиелейтінін жеткізді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Сіздер ең ауыр сынақтарды бастан өткеріп, бейбітшілікті қорғадыңыздар. Бүгінгі ұрпаққа өмір сүруге, еңбек етуге және өз болашағын құруға мүмкіндік сыйладыңыздар. Сіздің есіміңізді облыс тұрғындары әрдайым зор құрметпен және шексіз алғыспен атайды. Оның астарында құр сөз емес, Отан алдындағы адалдық, азаматтық парызға беріктік пен маңдай термен атқарылған еңбек жатыр. Ерлігіңіз бен қайсарлығыңыз, бейбіт аспанымыз үшін және кейінгі ұрпаққа қалдырған өлшеусіз өнегеңіз үшін шын жүректен алғыс айтамыз! 

Салтанатты шара барысында ардагердің өмір жолы мен майдандағы ерлігі туралы естеліктер айтылып, елге сіңірген еңбегі кеңінен дәріптелді. Кеш қонақтарына арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Қала өнерпаздары ардагердің сүйікті әскери әндерін орындап, оған көтеріңкі көңіл -күй сыйлады. Әсем ән мен тағылымды әңгіме тоғысқан кеш ерекше әсерге бөленді. Осы орайда арнайылап ардагердің қызы да сөз алып, әкесінің тағылымды тағдырын ерекше естеліктермен еске алды.

Вера Иванова, ардагердің қызы:

Олардың өмірі оңай болған жоқ. Бірақ бүгінде жағдайлары жақсы. Әкемді балалары мен жақындары ұмытпайды, үнемі келіп, мерекелерде құттықтап тұрады. Әкем бірде ақкөңіл, бірде мінезі қызу адам. Жасы келген соң, әртүрлі мінез көрсететіні де бар. Дегенмен, қолдан келгенше күтім жасап, жанынан табылуға тырысамын. Осы жерде отырған баршаңызға, әкемді құттықтап, қуанышымызға ортақ болған барлық жанға алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық, жүректеріңізге махаббат тілеймін. 

Сондай-ақ шараға қаладағы әскери бөлімдер мен әскери сала қызметкерлері қатысып, майдангерге құрмет көрсетті. Олар ардагерге ыстық ықыластарын жеткізіп, бейбітшіліктің қадірін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Бүгінде Макар Харин ғасыр жасаған ғибратты ғұмыр иесі ғана емес, оның өмір жолы – Отанға деген адалдықтың, қайсарлық пен төзімділіктің жарқын үлгісі.. 

Нұрдәулет Қалибеков 

Бөлісу