Су тапшылығының алдын алу шаралары күшейтілді
Шығыс Қазақстандағы вегетациялық кезеңнің барысы жіті бақылауда. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте су қорының жай-күйі, шаруаларды суармалы сумен қамту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Мамандардың айтуынша, биылғы маусымда егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін қажетті қор жеткілікті. Дегенмен соңғы жылдары байқалып отырған су деңгейінің төмендеуі бұл мәселеге айрықша жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
Ертіс бассейндік су инспекциясының мәліметінше, соңғы үш жылда өзен алабында су көлемінің азаю үрдісі байқалады. Осыған байланысты суару маусымына дайындық жұмыстары ертерек басталған. Су қоймаларында қор жинау, шаруалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және гидротехникалық нысандарды әзірлеу секілді шаралар қолға алынған. Биыл облыс аумағындағы су пайдалану лимиті 100 миллион текше метр болып бекітілсе, жоспар бойынша 27 мың гектардан астам жер суарылмақ.
Ернар Мадиев, «Ертіс бассейндік су инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары:
Су пайдаланушылардың алдын ала деректеріне сәйкес, суарылатын жердің жоспарланған ауданы 27,7 мың гектар, ал су алудың жоспарланған көлемі 50,8 миллион текше метрді құрайды. Анықтамалық деректерге сәйкес «Қазсушар» РМК ШҚО филиалы бойынша 6,7 мың гектар болса су алуы 37,6 миллион текше метр. Жедел деректерге сәйкес, бүгінгі таңда шамамен 9,2 мың гектар жерді суару үшін 38,9 миллион текше метр су алынды. Су қоймаларындағы су ресурстарының жай-күйі туралы. Қазіргі уақытта аймақтағы ірі су қоймаларында Бұртырма және Үйдене су қоймасының екеіін қосқанда 37,35 миллиард текше метрді құрауда. Яғни 74,14%-ын құрайды.
Мамандардың айтуынша, бұл көлем ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдаланудың алдын алу бағытындағы жұмыстар да күшейтілген. Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер барысында су заңнамасын бұзудың он дерегі анықталып, кінәлі тұлғаларға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ернар Мадиев, «Ертіс бассейндік су инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары:
2026 жылдың өткен кезеңінде Инспекция 10 тексеру жүргізіп, су заңнамасын бұзудың 10 дерегін анықтады. Нәтижесінде жалпы сомасы 1 297 500 теңгені құрайтын тоғыз әкімшілік айыппұл салынды. Анықтама ретінде: Ұлан ауданы – бір ӘҚБ, Күршім ауданы бес, Тарбағатай ауданы үш, Самар ауданында бір. Сонымен қатар, Инспекция азаматтардың өтініштеріне, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі хабарламаларға жедел ден қоюды жалғастыруда. Әрбір хабарлама бойынша оқиға орнына мамандар жіберіліп, тиісті шаралар қабылдану үстінде.
Су – ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан вегетациялық кезеңде әрбір текше метр судың тиімді пайдаланылуы маңызды. Брифинг барысында бұл бағыттағы жұмыстардың үйлесімді жүргізіліп жатқаны айтылды.
Жаннат Көшерова, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, алаңдарды ұлғайту тапсырмасына сәйкес облыста суармалы жерлерді ұлғайту бойынша облыста жұмыстар жүргізілуде. Жалпы 2028 жылға су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, алаңдарды 65 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.Ағымдағы жылы осы бағытта жалпы алаңы 950 гектар су үнемдеу технологиялары енгізілген. Ол Зайсан ауданында 550 гектарда тамшылатып суару жүйелері орнатылды. Марқакөл ауданында бір шаруашылық 100 ектарда жаңбырлатып суару әдісін қолдануда және Үлкен-Нарын ауданында бір шауа жожалығы 300 гектарда жаңбырлатып суару әдісін енгізген.
Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар су қоймаларын жаңғырту мен каналдарды қайта жаңарту жобалары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Оның ішінде Марқакөл ауданындағы магистральды каналдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Айдар Тұрсынханов, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК кәсіпорнының ШҚОФ директорының орынбасары:
Биылғы жылы шаруалармен «Казсушар» 819 келісім шарт құрып, 9543 гектар жерге 48 млн текше су беру жоспарланған, Шілде айының аяғына қарағанда 7959 гектар жерге 36 млн текше су берілді. Қалған тамыз, қыркүйек айларында қалған суларды беру жоспарланған. Су беру үшін ШҚО 10 магистральды каналдарына тазалау жұмыстары жүргізілді және 7 су объектілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар осы су тарифы арқылы 3 аудан бойынша техникаларды сақтау мақсатында 3 гараж және 4 навес салу жоспарлануда.
Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен су қорын тиімді басқару – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Мамандардың айтуынша, су қоймаларындағы ахуал тұрақты, ал жауапты мекемелер суару маусымының әр кезеңін күнделікті бақылауда ұстап отыр.
Нұртас Қайролдаев