Аудан ажары артып келеді
Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында абаттандыру жұмыстары қарқын алып, елді мекеннің көркі жаңара түсуде. Тұрғындарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандардың маңына асфальт төселіп, автотұрақтар жасалған. Бұл жұмыстар тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде Ақжар ауылының келбеті көркейіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы экологиялық мәдениетті дамыту, абаттандыру, қалдықтарды қайта өңдеу, көгалдандыру және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстарды бір салаға біріктірді. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясы елдегі барлық облыс, аудан, қалаларда қарқынды қолға алынып, нәтижесінде елді-мекендер қайта түлеп абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл бастама Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында да жолға қойылып, бірқатар нысандардың маңы жаңартудан өткен. Нақтылай түссек, «Қазақтелеком», аудандық аурухана, мектептер, балабақшалар мен мешіт аумағы ретке келтірілген. Биыл бұл жұмыстар Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараттарының алдын да жалғасын тапты. Сонымен қатар ауыл ішіндегі бірқатар жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт төселді. Бұл жұмыстар көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Дәулет Кеңесханов, Ақжар ауылдық округі әкімдігінің бас маманы
Бізде бірқатар әлеуметтік маңызы бар обьектілердің алдына, көлік тұрақтары және асфальт төсеу жұмыстары жасалды. Атап айтсақ бұл біздегі ХҚО, халық банк, және де балабақшалардың алды, мешіттің алды жөнделді. Бұның бәрі біздің халқымызға жақсы жағдай жасау, ауылымздың абаттануына және көркейуіне үлкен үлес қосу үшін жасалып жатқан жұмыстар.
Ауылдың спорттық инфрақұрылымы да жаңарып, тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасалуда. Қазіргі таңда Ақжар ауылының орталық стадионы аумағында абаттандыру және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, заманауи спорттық алаңдар орнатылуда. Жаңа құралдар балалар мен жастардың ғана емес, ересек тұрғындардың да бос уақытын тиімді өткізіп, ашық алаңда дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік береді. Биыл орталық стадионда бірқатар басқа да жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, спорттық жарыстар мен ауыл көлеміндегі түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды сапалы өткізуге мүмкіндік беретін комментатор кабинасы бой көтерді. Сонымен қатар көрермендер үшін жаңа орындықтар қойылып, стадионның жайлылығы артты.
Әлинұр Серікұлы, ауыл тұрғыны
Ақжар ауылында осындай стадион газоны бар. Міне осындай площадкалар салынып жатыр. Біздің Ақжар ауылы керемет площадкалары көп. Мен осы газонға күнде келіп ойнаймын. Анда-санда коцерттер келіп тұрады біздің Ақжарға.
Спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмесіне де жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысанның ішкі жағдайы жақсартылды. Бұл спортпен тұрақты айналысатын тұрғындарға жаттығу алдында және жарыстар кезінде қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жалпы, стадион аумағында атқарылып жатқан жұмыстар ауылдағы спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған. Нысанның материалдық-техникалық базасының жақсаруы спорттық іс-шараларды ұйымдастыру сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың спортпен шұғылдануына деген ынтасын күшейте түседі.
Дәулет Кеңесханов, Ақжар ауылдық округі әкімдігінің бас маманы
Биылғы кезде бірқатар абаттандыру және жөндеу жұмыстары атқарылды. Атап айтсақ осы Қабанбай батыр атындағы саябақта бізде халықққа денсаулық сақтауына салауатты өмір салтын сақтауына арналған жаттығу комплекстері салынды жәнеде бізде халыққа арналған трибунамыз ескі болған соны ағымдағы жөндеу коментатор орыны және орындықтар жаңартылды.
Жалпы, Ақжар ауылында абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар елді мекеннің көркін айтарлықтай жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Әлеуметтік нысандардың айналасын абаттандыру, жолдарға асфальт төсеу, автотұрақтар жасау, сондай-ақ спорттық инфрақұрылымды жаңарту ауылдың күнделікті тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. Әсіресе, орталық стадионның жаңаруы ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Заманауи спорттық тренажерлардың орнатылуы балалар мен жастарды спортқа баулып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды. Мұндай жұмыстар ауылдың тек сыртқы келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне, қоғамдық орындарды тиімді пайдалануына және салауатты өмір салтын ұстануына оң ықпал етеді.
Нұрдәулет Қалибеков