Жылыту маусымы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Облыста 1 қазаннан басталатын жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді. ТЖД қызметкерлері үйлерді аралап, пештерді, мұржаларды және электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндіруде. Бұл жөнінде ШҚО ТЖД мамандары Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтты.
Өткен жылыту маусымында облыста 460 өрт тіркелсе, оның 341-і тұрғын үй секторында болған. Жеке тұрғын үйлердегі өрт салдарынан 22 адам қаза тапқан. Мамандар қайғылы жағдайлардың негізгі себептеріне отты абайсыз пайдалануды, мас күйінде төсекте темекі шегуді және пештерді пайдалану талаптарының бұзылуын жатқызады.
Нұржан Өміржанов, облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы
Бізде жылыту маусымына дайындықтар тамыз айында басталып кетті. Жалпы азаматтардың қауіпсіздігін тұрғын секторында қамтамасыз ету ТЖД-нің ең маңызды міндеттерінің бірі. Облыста статистика департаментінің ақпаратына сәйкес 120 мыңнан астам тұрғын үйлер есепке алынған. Оның ішінде 4000 мыңға жуығы көпқабатты үйлер болса, қалғаны 116мыңнан астамы жеке тұрғын үйлер.
Өрттің алдын алу мақсатында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек алатын 2 758 азамат профилактикалық есепке алынған. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары әлеуметтік осал санаттағы тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес беруде және өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын еске салуда. Негізгі мақсат – ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтап, жою, сондай-ақ алдағы жылыту маусымында өрттің алдын алып, адам өмірін сақтау.
Тілек Манарұлы, облыстық ТЖД өрт бақылау басқармасының аға инженері
Соңғы 6 жылда облыс бойынша 17 мыңнан астам датчик орнатылды. Олардың көмегімен 40 адамның, оның ішінде 32 баланың өмірі сақталды. Өрттің шығу және адам қаза болу қаупін барынша азайту мақсатында биылғы жылыту маусымында тұрғын үй секторында өрттің алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.
Соңғы алты жылда облыста 17 мыңнан астам көміртегі тотығы датчигі орнатылған. Құрылғылар тұрғын үйлердегі улы газдың таралуын дер кезінде анықтап, адам өміріне төнетін қауіпті азайтуға мүмкіндік береді. Профилактикалық іс-шаралар жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасады. Мамандар қауіпсіздік талаптарын сақтап, жылыту жүйелерін уақытылы тексеруге шақырады. Өйткені қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты фактор – әр азаматтың жеке жауапкершілігі.
Бекарыс Әмірбек