Негізгі Жаңалықтар Сайлау–2026: өңірлік күн тәртібі

Сайлау–2026: өңірлік күн тәртібі

Өскеменде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңының көшпелі отырысы өтті. Басқосу «Сайлау–2026: өңірлер жаңа саяси конфигурация жағдайында» тақырыбына арналды.

Жиынға Астана, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларынан келген саясаттанушылар, сарапшылар, жоғары оқу орындарының ғалымдары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мемлекеттік құрылымдардың мамандары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – сайлау қарсаңындағы қоғамдық-саяси ахуалды саралап, өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылау және сарапшылық ұсыныстар әзірлеу.

Жандос Шаймарданов, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Бұл өте маңызды қадам, жаңа Конституцияның ең алғашқы қадамы. 23 шілде күні бізде үгіт-насихат басталды. 1 айдың ішінде қазақстандықтар 7 партия бар, 7 партияның бағдарламасымен танысып, өте маңызды шешім қабылдау керек.

Басқосуда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту, аймақтардағы саяси үдерістердің жаңа сипаты, өңірлік сарапшылар қауымдастығының электоралдық үдеріске қосар үлесі және азаматтардың саяси партиялар мен мемлекеттік институттарға қатысты қоғамдық сұранысы кеңінен сөз болды.

Аман Рахметуллин, Alikhan Bokeikhan University әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі (Семей қ.):

Өскемен қаласында өткізіліп отырған себебі аймақтардағы ел экономикасын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты талдап көрсетіп, елдің мұң-мұқтажын билікке бөлісу мәселесі пікір бөлісу алаңында талданатын болады деп есептейміз.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда өңірлердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі артып келеді. Бұл сайлау науқаны азаматтардың саяси белсенділігін арттырып қана қоймай, жергілікті бастамаларды қолдау мен мемлекеттік шешімдердің тиімділігін күшейтуге ықпал етеді.

Индира Рыстина, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі – проректоры:

Бүгінгі кездесу елдегі сарапшылық қауымның сайлау алды үгіт науқаны кезіндегі саяси партиялардың, аймақтық даму бағытындағы сайлау алды бағдарламаларын қаншалықты жасақтап жатқанын жалпы елдегі дамудың басымдықтары ретінде аймақтық саясаттың қандай екенін сарапшылардың бас қосуы орын алып жатыр. 

Басқосуға жиналғандар алдағы сайлау елдің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға серпін беретін маңызды кезең екенін атап өтті. Сондықтан өңірлердегі қоғамдық пікірді саралап, халықтың сұранысына негізделген ұсыныстар әзірлеу бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Аяулым Усинова

Бөлісу