Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Абай күні мерекесіне орай облыс орталығында ұлы ақын, хакім Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тағзым шарасына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында ұлы ақын өлеңдерінің желісі бойынша шағын сахналық көрініс көрсетіліп, оның әндері орындалды.
Жиылған жұртшылық Абай рухына тағзым етіп, ақынның қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттағы айрықша орнын атап өтті. Хакімнің шығармалары мен қара сөздерінде көтерілген білім, еңбек, адамгершілік пен елдік мәселелерінің бүгінде өзектілігі жоғары.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Заманалар ауысып, дүние дидары, күнде өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген құрмет сезімі, еш кемімейді. Мемлекет басшысы – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Абайды дәріптеу арқылы ұлттық сананы нығайтып, ел бірлігі, қоғамның рухани кемелдігін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Сол себепті, ақынның мол мұрасы – баға жетпес, рухани асыл қазынамыз болып қала береді.
Жиынға қатысушылар ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Абай рухына құрмет көрсетті.
Абай Құнанбайұлының тағылымды ойлары ұрпақты білімге, ізгілікке және бірлікке үндейді. Хакімнің мұрасы халықаралық деңгейде мойындалған. Бұл – Абай мұрасының тек қазақ үшін ғана емес, бүкіл адамзат мәдениеті үшін маңызы зор екенін білдіреді.
Айнұр Сембинова, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы әкімшілік бөлімінің бас маманы:
Жалпы, бұл кісінің қазақ еліне сіңірген еңбегі зор деп есептеймін. Өйткені, өзінің қара сөздерін қалдырып кеткен. Басқа да туындылары барша қазақ халқына мәлім. Жылдан жылға осындай шаралары көп болсын деген ниеттемін. Әр қазақ осы Абайдың туындыларымен таныс болса деген үмітім зор.
Гүл қою рәсімі Абайға деген ел құрметінің белгісі. Хакімнің асыл сөзі мен өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттық руханиятымыздың темірқазығы болып қала бермек.
Фатима Тілейханқызы