Антқа адалдық – азаматтық борыш
Өскеменде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің жас сарбаздарды әскери ант қабылдады. Биылғы бірінші шақырылыммен келген 150 жауынгер Отанға адал қызмет етуге серт етті. Айтулы шараға әскери қызметшілер, ардагерлер және сарбаздардың жақындары қатысты.
Әскери өмірдің алғашқы әрі ең маңызды белестерінің бірі – ант қабылдау. Бұл күннен бастап жас жауынгерлерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Салтанатты сапта тұрған сарбаздардың толқынысы мен мақтанышы қатар сезіледі. Ал алыстан арнайы келген ата-аналар үшін бұл ерекше әсерге толы сәттердің бірі.
Сахинур Махпирова, ата-ана:
Жаркент қаласынан келдім. Менің ұлым Қожахметов Білімжан әскери ант қабылдады. Енді баламыздың аман есен оралуына ниеттеспіз.
Наталья Дятева, сарбаздың туысы:
Мен алғаш рет ант қабылдау рәсіміне қатыстым. Әскерилер ержүрек, мығым келген. Олардың әрқайсысына қызметті абыроймен атқарып шығуды тілеймін. Зор денсаулық, табыс және бар жақсылықты нәсіп етсін.
Ел тыныштығын күзетуге бел буған жас сарбаздар үшін бұл күн жауынгерлік жолдың бастауы. Ал әскери ант – олардың Отан алдындағы адал қызметінің алғашқы кепілі.
Нұртас Қаролдаев