72,3% Қазақстандық құрылтайда дауыс беруге дайын
72,3% Қазақстандық құрылтайда дауыс беруге дайын. Бұл туралы Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсетті. Институттың ресми Telegram-арнасында жарияланған зерттеу деректеріне сәйкес, респонденттердің 89,4%-ы алдағы дауыс беру науқаны туралы белгілі бір деңгейде хабардар. Оның ішінде 55,2%-ы сайлау туралы ақпаратпен жақсы таныс екенін айтса, 34,2%-ы бұл жөнінде естігенімен, егжей-тегжейін білмейтінін жеткізген. Зерттеу нәтижесі алдағы сайлау туралы хабардарлық деңгейінің респонденттердің жасына тікелей байланысты екенін көрсетеді. Яғни, респонденттің жасы ұлғайған сайын оның ақпараттану деңгейі де жоғарылай түседі. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының сайлау туралы хабардарлығы қала тұрғындарына қарағанда жоғары екені анықталған. Сауалнамаға қатысқандардың 72,3%-ы Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті екенін мәлімдеген. Ал 11,9%-ы дауыс беруге қатыспайтынын айтса, 15,8%-ы өз шешімін әлі қабылдамаған. Қоғамдық саясат институтының мәліметінше, әлеуетті сайлаушылардың басты ерекшеліктерінің бірі – олардың саяси науқандарға тұрақты қатысуы. Атап айтқанда, алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға ниет білдірген респонденттердің 87,6%-ы бұған дейін, 2026 жылғы 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға да қатысқан. Бұл елдегі маңызды саяси науқандарға тұрақты түрде қатысатын азаматтардың қалыптасқан тобы бар екенін аңғартады.