Негізгі Жаңалықтар Ұрынқайда өткен ұлы думан

Ұрынқайда өткен ұлы думан

Шығыстың шалғай төрінде, Алтайдың асқар тауларымен астасқан Марқакөлде ерекше мереке өтті. Ұрынқай ауылында ұйымдастырылған «Марқакөл – Шығыстың маржаны» фестивалі аймақтың табиғи және мәдени әлеуетін танытқан ауқымды шараға айналды. Көл жағасына жиналған 3000-нан астам қонақ арасында облыс тұрғындарымен қатар, еліміздің әр өңірінен келген саяхатшылар мен шетелдік қонақтар да бар.

Марқакөл – табиғаты тылсым мекен. Тау бөктеріндегі Ұрынқай ауылы айнадай жарқыраған көл айдыны бұл өлкенің басты ерекшелігі. Фестиваль барысында қонақтар табиғи ландшафты тамашалап қана қоймай, өңірдің салт-дәстүрі мен мәдени мұрасымен де танысты. Бұл бастама Марқакөл ауданын жаңа қырынан танытып, туристік бағыт ретінде дамытуға жол ашпақ.

Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:

Негізгі той емес өткізіп жатқанымыз ол үлкен ой. Ең алдымен ауданымыздың экономикалық дамуын ойластырудамыз. Соған байланысты туризмді тамыту мақсатында. Мына далпы таулы аймақта Марқакөл көлінің, табиғат құдыретін таныта білу керек. Бұл жерді тек қорық ретінде қабылдамау керек. Туризмді дамыту ретінде ары қарай бағыт бағдар береді деген ойдамыз. Өздеріңіз байқағандай халықтың да көңілі дән риза. Міне келген туристтер суға шомылып, қазақи кигіз үйге кіріп соған тамсанып жақсы бір көңілді күн өтіп жатыр деп ойлаймын. 

Марқакөлге деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Фестиваль алаңында әр өңірден келген қонақтар бір арнада тоғысып, табиғат аясында ерекше демалыс күнін өткізді. Ал Астана қаласынан арнайы келген саяхатшылар үшін бұл сапар Шығыстың көркем мекенімен жақынырақ танысуға мүмкіндік болғанын айтады.

Маржан Жұмағалиқызы, Астана қ. тұрғыны:

Біз Астанадан отбасымызбен, бала-шағамызбен келдік. Жалпы Өскемен қаласына 3 рет келдік, бірақ Марқакөлге бірінші рет келдік. Біздің келуімізге орай мұндағы фестиваль тұс па тұс келді. Өте керемет. Табиғаты да барлығы тамаша. Балаларымызға да ұнады. Келешекте жолы жақсарып, туризмі дамып, бұдан да керемет болады дегенге сенеміз. Тағы да келеміз. Рахмет. 

Айнұр Қалиева, Зайсан ауданының тұрғыны:

Осы Марқакөл өңірінде өтіп жатқан фестивальге келіп өте жақсы әсер алдым. Өзім алғаш рет келдім. Фестиваль өте жоғарғы деңгейде өтуде. Табиғаты барлығы ұнап жатыр. Өзіміз Зайсан ауданынаң атынан келдік. Мәдениет саласында қызмет атқарғандықтан өнер көрсетеміз осы жерде. Керемет өтуде барлығы көңілімізден шығып жатыр. Дами берсін дейміз. Біз осындай жерлерімізбен әр қашан мақтан етеміз. 

Мерекелік кештің шырайын сахна төріндегі өнерпаздар ашты. Туған жерге тағзым етіп келген Марқакөлдің тумалары мен танымал өнер иелері көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Фестивальде Дарын Болатхан, Алмат Сақатов сынды өнер жұлдыздары және арнайы шақырылған Made in KZ тобы ән шырқап мерекенің сәнін келтірді.

Назым Хамитова, Made in KZ тобының солисі:

Барлық Марқакөл ауданын әсіресе Ұрынхай ауылын осындай үлкен іс-шарамен құттықтаймыз. Сіздердің туған жерлеріңіз одан әрі көркейе берсін. Жүректеріңіз тыныш болсын. Отбасыларыңызға береке бірлік тілейміз. Өмірлеріңіз осы Марқакөл ауданындай өте сұлу, мәнді әрә сәнді болсын. 

Дарын Болатхан, әнші:

Мен енді өзім марқакөлдің тумасымын. Теріскей-Бөкенбай ауылының түлегімін. Сонау Алматыдан өз елім деп өз топырағыма аудан жатқан жайым бар. Мына Марқакөл ауданында өтетін фестивальдер халыққа берерін беруде. Даму үстінде деп топшылауға болады. Марқакөл ертең шет елдіктерді, туристтерді қызықтыратын үлкен бір туристтік орталыққа айналса деп тілейміз. Аудан болғалы екі жыл болды. Болашақта үлкен бір көрнекті көріністер мен шаралар өтеді деп сенемін. 

Марқакөл төріндегі бұл мереке – өткенді дәріптеп, болашаққа бағытталған жаңа бастамалардың бірі. Табиғи мұраны сақтау мен туристік мүмкіндікті арттыру – аудан дамуының басым бағыттарының қатарында. Киелі мекеннің келешекте отандық және шетелдік саяхатшылар жиі баратын туристік орталыққа айналуына мұндай жобалардың маңызы зор.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу