Археология саласында заманауи технологияларды пайдалану
Озық цифрлық технологиялар Ақбауыр тарихи-археологиялық кешенінде ғалымдарға ежелгі тарихтың құпияларын ашуға көмектесуде. Бүгінде мұнда заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Заманауи цифрлық технологиялар археологиялық зерттеулерге жаңа мүмкіндіктер ашуда. Бүгінде мамандар 3D-сканерлеу, тахеометрлер, квадрокоптерлер арқылы әуеден түсіру және геоақпараттық жүйелерді кеңінен қолданады. Бұл археологиялық ескерткіштердің жоғары дәлдіктегі цифрлық модельдерін жасауға, ежелгі құрылыстар мен мәдени қабаттарды жан-жақты зерттеуге, сондай-ақ оларды болашақ ұрпақ үшін цифрлық форматта сақтауға мүмкіндік береді.
Максим Половцев, археолог:
Кеңес дәуірінде археологтардың қолданатын құралдары шектеулі болды. Ал бүгінде дрондар, тахеометрлер сияқты заманауи құрылғылар кеңінен пайдаланылуда. Бұрын нивелирлердің көмегімен ғана жұмыс жүргізілсе, қазір қазба жұмыстарының нақты координаттарын жоғары дәлдікпен анықтай аламыз. Дрондардың көмегімен қазба аумағын толықтай цифрландырып, (3D) моделін жасаймыз. Сонымен қатар фотоаппараттар, фотограмметрия және түрлі геофизикалық зерттеу әдістері қолданылады. Мұның барлығы археологиялық нысандар туралы тереңірек мәлімет алуға, зерттеу мүмкіндігін кеңейтуге және тарихи мұраны барынша толық сақтауға мүмкіндік береді.
Бұрын қазба жұмыстарының егжей-тегжейлі жоспарын жасау және әрбір археологиялық олжаны тіркеу бірнеше күнді қажет ететін. Ал қазір бұл жұмыстар санаулы сағаттың ішінде орындалады. Жиналған ақпарат цифрлық форматта сақталып, кейінгі ғылыми талдауларға, археологиялық ескерткіштердің 3D модельдерін жасауға және одан әрі ғылыми зерттеулер жүргізуге негіз болады.
Дәулет Дәулетханов, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:
Бұл жерде біз тахометрмен жұмыс жасап жатырмыз. Әр тастың, әрбір тас құралдың, әрбір керамиканың, әрбір сүйектің өзінің нақты орыны болады. Бұл тахометрмен дәл точкаларды табамыз. Соны фиксация жасап, әр слой сайын, әр қабат сайын кейін бұл жерде біз карта жасаймыз.
Ақбауырды зерттеудегі маңызды кезеңдердің бірі – кешен аумағында археологтар анықтаған ежелгі қоныстың цифрлық реконструкциясы жасалды. Мамандар бүгінде оның 3D моделін әзірлеу жұмыстарын толық аяқтады.
Владимир Щербак, 3D маманы:
Мен жер бедерінің биіктік картасын, таулар мен ландшафт ерекшеліктерін негізге алдым. Тахеометрдің көмегімен қазба орнын өлшеп, қазбаның 3D моделін пайдалана отырып, қабырғаларды, соқпақ жолдарды және ошақтардың орналасқан жерлерін қайта қалпына келтірдім. Бұл модель қоныстың сыртқы көрінісін көрнекі түрде көрсетеді. Екіншіден, ол қонысты реконструкциялау және музейлендіру мақсатында пайдаланылатын болады.
Цифрлық технологиялар археологтарға жаңа мүмкіндіктер ашып, ежелгі ескерткіштерді жоғары дәлдікпен зерттеуге ғана емес, оларды виртуалды кеңістікте сақтауға да мүмкіндік береді. Ақбауырдағы археологиялық маусым күз айына дейін жалғасады. Далалық жұмыстар аяқталғаннан кейін ғалымдар табылған артефактілерді зерттеуге және жиналған деректерді өңдеуге кіріседі. Бұл зерттеулердің нәтижелері Шығыс Қазақстандағы ең жұмбақ археологиялық ескерткіштердің бірі туралы тарихтың жаңа беттерін толықтыруға және оның мұрасын болашақ ұрпақ үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Салтанат Кеңесбекқызы