Өскеменде шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтарға арналған Көші-қон алдындағы дайындық орталығы ашылды. Мұнда еңбек мигранттарына өзге елге шығар алдында қажетті ақпарат беріліп, құқықтары мен қауіпсіздігі түсіндіріледі. Жоба Халықаралық көші-қон ұйымының ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және ШҚО әкімдігінің қолдауы аясында жүзеге асырылды.
Орталықтың ашылу салтанатына ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сапанов арнайы келді. Шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтар енді сапарға шығар алдында қажетті кеңесті осы орталықтан ала алады. Көші-қон алдындағы дайындық орталығы еңбек мигранттарын шетелде жұмыс істеуге алдын ала дайындауға бағытталған. Мұнда азаматтарға заңды түрде жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек құқықтары, көші-қон талаптары мен қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпарат беріледі.
Арайлым Есімбекова, Облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
Жұмыс іздеп жүрген, табыс көзін іздеп жүрген азаматтар заңсыз шетел асып, уақытша жұмыстармен табыстарын тауып келіп жатқандар бар. Ал, біздің мақсатымыз – заңды түрде барлық ақпаратты беру арқылы қолдау көрсету. Алаяқтарға тап болып қалып жатқан, шекарадан қайтып келіп жатқан азаматтар бар. Сол бойынша біз саты-саты арқылы ақпараттық қолдау көрсетеміз.
Жаңа орталық облыстық еңбек мобильділігі орталығының базасында жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, мұндай орталықтардың жұмысы азаматтардың шетелде қауіпсіз әрі заңды еңбек етуіне мүмкіндік беріп, еңбек мигранттарының құқықтарын қорғауға ықпал етеді. Орталықтың қызметі өңір тұрғындарымен қатар, Абай және Павлодар облыстарынадағы азаматтарға да қолжетімді. Жиынға Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының миссия басшысы Серхан Актопрак пен бағдарлама үйлестірушілері қатысты.
Серхан Актопрак, Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының миссия басшысы:
Бұл жетістік Қазақстан Үкіметі мен Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы тығыз әрі тиімді ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асып отыр. Бұл жұмыс 2022 жылы басталған Орталық Азиядағы еңбек көші-қоны жобасы аясында жүзеге асты. Бүгінгі орталық – осы жобаның қазіргі кезеңі аясында ашылып отырған алтыншы әрі соңғы Көші-қон алдындағы дайындық орталығы. Оның ашылуына Швейцария Даму және Ынтымақтастық Агенттігінің қаржылай қолдауы мүмкіндік берді. Осы орайда Қазақстан мен Швейцария арасындағы үлгілі ынтымақтастық пен серіктестіктің бір бөлігі болғанымызды ерекше атап өткім келеді. Жоба халықаралық сипатқа ие. Ол Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – аталған елдердің үкіметтері арасында өзара ынтымақтастықты дамыту, әсіресе еңбек көші-қоны саласындағы заңнаманы үйлестіру.
Жоба азаматтарға шетелге аттанар алдында қажетті ақпарат алып, өз құқықтарын білуге және түрлі қауіптерден сақтануға мүмкіндік береді.
Фатима Тілейханқызы