Аймақта шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Облыс аумағында шомылуға арналған 23 арнайы демалыс орны белгіленген. Бұл аумақтарда құтқарушылар күн сайын рейд жүргізіп, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Алайда мамандардың айтуынша, ескертуге қарамастан, кейбір азаматтар рұқсат етілмеген жерлерде суға түсуді жалғастырып келеді. Оның салдары туралы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері бірқатар деректер келтірді.
Амангелді Еңсегенов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Өкінішке орай шомылу маусымы басталғаннан бері Шығыс Қазақстан облысы бойынша 8 адамның суға батып, қайтыс болуы тіркелді. Барлық қайғылы жағдайлар шомылуға арналмаған жерлерде, жабдықталмаған орындарда орын алған болып есептелінеді. Оқиғалар рұқсат етілмеген орындарда шомылудың адам өміріне нақты қауіп төндіретінін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Сондай-ақ 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылау және қадағалау функциялары Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Осыған байланысты су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарына қойылатын бақылау күшейтіліп, кеме иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударылуда.
Исхар Савазов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Бүгінде 40-қа жуық шағын көлемді кеме иелері жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар министрлік тарапынан 15 негізгі жадынама әзірленді. Кеме иелерінен мемлекеттік бақылау талаптарын, шағын көлемді кемені тіркеу қағидаларын, оны басқару құқығына куәлік алу тәртібін, техникалық тексеру мен мемлекеттік қадағалау талаптарын және басқа да белгіленген ережелерді қатаң сақтауды сұраймын. Бұл талаптарды барлық кеме иелері бұлжытпай орындауы қажет.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек арнайы жабдықталған орындарда демалып, судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өйткені қарапайым ережені елемеу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Бекарыс Энгельс