Елде әлеуметтік осал топтарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі артып, жаңа оңалту орталықтары ашылуда. Осылайша ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға көрсетілетін көмектің сапасы жақсарып келеді. Бүгінде әлеуметтік қорғау тек жәрдемақы төлеумен шектелмей, адамның қоғамға бейімделуіне және өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді жүйеге айналды.
Өскемендік Ольга Максимова үшін қызының әрбір жаңа жетістігі – үлкен қуаныш. Үш жастағы бүлдіршінін ол тұрақты түрде Ерте араласу орталығына әкеледі. Анасының айтуынша, мұнда көрсетілетін кешенді оңалту қызметі мен білікті мамандардың қолдауы баласының дамуына оң әсер етіп, алғашқы нәтижелерін бере бастаған. Осындай мекемелердің көмегі өңірдегі жүздеген отбасы үшін маңызды тірекке айналды. Қазір облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 36 мемлекеттік және жеке ұйым жұмыс істейді. Олар қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және ерекше күтімді қажет ететін жандарға әлеуметтік, медициналық-психологиялық әрі педагогикалық қолдау көрсетеді.
Ольга Максимова, қала тұрғыны:
Бұл – менің қызым Дарья, ол үш жаста. Оған церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Қазіргі таңда өздігінен жүріп, отыра алмайды. Біз осы оңалту орталығына екі жылдан бері келіп жүрміз. Осы уақыт аралығында оң көрсеткішке қол жеткіздік. Жүруді, еңбектеуді, қолмен жұмыс істеуді, сөйлеуді үйреніп жатырмыз. Мұндағы мамандар өте білікті әрі өз ісіне жанашыр.
Ерте араласу орталығында ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндермен кешенді жұмыс жүргізіледі. Мұнда дәрігер, дефектолог, логопед, психолог мамандар әр балаға жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді. Қызметкерлердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігі, сөйлеу және ұсақ моторика дағдылары кезең-кезеңімен дамып, олардың күнделікті өмірге бейімделуіне мүмкіндік жасалады.
Айсұлу Ошақбаева, Ерте араласу орталығының бөлім меңгерушісі:
Біздің ерте араласу орталығы нейро-ортопедиялық паталогиясы бар үш айдан үш жас 11 айға дейінгі балаларға оңалту көмегін көрсетеміз. Бұл жас аралығы арнайы таңдалған себебі осы кезеңде баланың миымен жүйке-жүйесінің дамуы белсенді түрде жүреді. Біздің орталықта пациенттердің негізгі диагноздарына келетін болсақ неврологиялық ауытқуы бар балалар, туа пайда болған ақаулары бар балалар, маторлық дамудың бұзылыстары бар балалар оңалту кешенінен өтеді.2025 жылы 600 бала оңалту кешенінен өткен болатын, қазіргі кезде біздің орталығымызда 35 бала оңалту кешенінен өтіп жатыр.
Өңірде әлеуметтік осал топтарды қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі – қайтарымсыз мемлекеттік гранттар. Бұл қолдау кәсіп бастауға ниетті азаматтарға жаңа мүмкіндік ұсынып, олардың тұрақты табыс табуына жол ашады. Биыл бір гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ал жыл соңына дейін облыста 300 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр.
Салтанат Абақова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:
Сонымен қатар, облысымызда жаңа нысандар әлеуметтік нысандар ашылуда. 2025 жылдың аяғында «Самұрық Қазына» қорының қолдауымен Ұлан ауданында «Айнала» оңалту орталығы ашылды. Бұл оңалту орталығына 50 бала қызмет алуда. Осы жылдың басынан 3 мыңнан астам адам санаторлық курорттық емдеуден өтті. «Мейірім» оңалту орталығынан 400 ден астам оңалту қызметін алды.
Аймақта оңалту қызметтерінің ауқымын кеңейту, жаңа әлеуметтік нысандар ашу және кәсіп бастауға берілетін қолдау тетіктерін дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Ал бұл бастамалардың басты мақсаты – әрбір азаматқа қажетті көмекті дер кезінде ұсынып, олардың толыққанды өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.
Гүлдана Айдарқызы