Ұлан ауданында Халықаралық жас археологтар мектебі жұмысын бастады. Оған Қазақстан, Корея, Германия және Италиядан келген студенттер мен жас зерттеушілер қатысуда. Олар өңірге теориялық білімді археологиялық тәжірибемен ұштастыру үшін жиналды.
Үш апта бойы қатысушылар археологиялық зерттеулердің заманауи әдістерін меңгеріп, Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен танысады. Сонымен қатар, олар тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстарына қатысады.
Ерлік Төлегенов, Бестерек ауылы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:
Теория тәжірибемен ұштасады. Жазғы археологиялық мектепке келгендердің барлығы алдымен теориялық білім алады, кейін оны тәжірибе жүзінде қолданады. Осылайша археологиялық зерттеулерге қажетті ғылыми тәжірибелерін толықтырады. Біз археологиялық зерттеулердегі технология, топографияны оқыдық. Қазір физикалық антропология бойынша дәрістер өтіп жатыр.
Жазғы археологтар мектебі – шетел мен елдегі жас зерттеушілердің басын бір арнаға қосты. Бірнеше апта ішінде қатысушылар археологиялық зерттеулердің заманауи әдістерін меңгеріп, палеоантропология негіздерін үйренеді. Бұдан бөлек, ғылым саласындағы аса қажет практикалық дағдыларды игереді. Көптеген студент үшін бұл мектеп тәжірибелі мамандардан тәлім алып, кәсіби жолдарындағы алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Кристина Верле, студент (Германия):
Қазір Қазақстан археологиясы өте танымал. Менің профессорым жазғы археологиялық мектепке қатысуға кеңес берді. Мұнда көптеген пайдалы дүниені үйрендім. Мысалы, гис қосымшасы арқылы кеңістіктік археологияны меңгеріп жатырмыз.
Диана Құсайынова, студент (Астана қ.):
Мен бакалавриат студенті болғандықтан, мұнда үйреніп жатқан дүниелердің барлығы мен үшін қызық. Қазір Қазақстанда палеоантропология, зооархеология бағыттары бойынша мамандар аз. Сондықтан, бұл саладағы білімнің барлығы мен үшін өте қызықты әрі жаңа.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жоба тарихи-мәдени мұраны зерттеуде заманауи, ғылыми әдістерді қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. Үш апталық бағдарлама қорытындысында қатысушылар зерттеу жұмыстары бойынша практикалық тәжірибе жинақтайды. Бұл олардың кәсіби маман ретінде қалыптасу жолындағы маңызды кезең.
Фатима Тілейханқызы