Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алғашқы жартыжылдықтағы қорытындылары жарияланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов өңірдің демографиялық, еңбек нарығы және кәсіпкерлік саласындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыс халқының саны 717 мың адамды құрады. Жыл басынан бері тұрғындар саны 2 016 адамға азайған. Қала халқы – 485,9 мың, ал ауылдық жерде 231,1 мың адам тұрады. Сарапшылардың мәліметінше, жыл басынан бері қала тұрғындарының үлесі 0,1 пайызға, ауыл халқының үлесі 0,6 пайызға төмендеген. Баспасөз мәслихатында өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік салалардағы көрсеткіштер сараланды. Сондай-ақ өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы сөз болды.
Ерназ Нұрланов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ҰСБ ШҚО департаментінің басшысы:
Бөлшек сауда, тауар айналымы 2026 жылдың 6 айдың қорытындысы бойынша 645,3 млрд теңгені құрады. Және 2025 жыл қаңтар-маусыммен салыстырғанда қолданыстағы бағалар 2,3 пайызға, салыстырмалы бағалармен 0,6 пайызға өскені байқалды. Көтерме сауда тауар айналымы салыстырмалы бағалармен 11,2 пайызға артты.
Демографиялық құрылымда әйелдер үлесі басым. Бүгінде облыста 373,1 мың әйел немесе халықтың 52 пайызы тұрады. Ал ерлер саны 343,9 мың адамды, яғни 48 пайызды құрайды. Еңбек нарығындағы ахуал да назардан тыс қалған жоқ. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірде 17 мың 483 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде сақталған.
Ерназ Нұрланов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ҰСБ ШҚО департаментінің басшысы:
Инвестициялар республикалық көлемдегі өңірлік үлесі 3,6 пайыз. Инфляцияның жалпы деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары облыс бойынша 2026 жылы қаңтар-маусымда 105,4 пайызды құрады. Облыстағы азық-түлік тауарлары 5 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 5,7 пайызға қызметк өрсету қымбаттаған.
Бұдан бөлек, өңірде кәсіпкерлік секторында оң динамика сақталуда. 2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша облыста 14 мың 859 заңды тұлға тіркелген. Оның 12 мың 241 белсенді жұмыс істейді. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 11 мың 953-ке жетіп, барлық заңды тұлғалардың 80,4 пайызын құрап отыр. Мамандардың айтуынша, бұл деректер өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын бағалауға мүмкіндік береді. Ресми статистика мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау, еңбек нарығын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы шешімдерді қабылдауда маңызды рөл атқарады.
Аяулым Усинова