Шығыс Қазақстанда еліміздің бірнеше өңірінен келген агросала өкілдерінің қатысуымен тәжірибе алмасуға арналған үш күндік іс-шара басталды. Басқосуға ауыл шаруашылығы басқармаларының мамандары, салалық ұйымдар, қоғамдық кеңес мүшелері, ірі агрохолдингтер мен бизнес қауымдастық өкілдері жиналды.
Шараның мақсаты - өңірлер арасындағы әріптестікті нығайтып, ауыл шаруашылығындағы тиімді тәжірибелерді бөлісу. Республиканың тоғыз облысынан келген 25 делегат аймақтағы агроөнеркәсіптік кешеннің жұмысымен жан-жақты танысады. Биыл облыста егіс алқабы 635 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда ұлғайған. Көктемгі дала жұмыстарына шаруаларға 20 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліп, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі де қарқын алған.
Самат Қыдырмолда, ШҚО әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі:
Бір біріміздің озық тәжірибеміз ортаға салып, үйреніп, заманауи тұрғыдағы алдыңғы қатарлы ғылыми әлемдік деңгейдегі тәжірибелерді бір – бірімізге үйретіп, соны әр облыста іске асыру. Бұл кластерлік салаға, заманау тұрғыдағы қайта өңдеу саласы мемлекет басшысы тапсырып отырған 70% терең өңдеуді дамыту экспортқа шығаруды өсірудің жоспарлары бойынша жұмыстар жасалынып жатыр.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді. Әр өңірдің табиғи ерекшелігі мен шаруашылық жүргізу тәсілі әртүрлі. Ал тәжірибе алмасу жаңа шешімдер қабылдауға және тиімді жобаларды жергілікті жағдайға бейімдеуге жол ашады.
Александр Закусилов, кәсіпкер (Ақмола облысы):
Мұндай сапарлардың берері мол. Әр облыстың өзіндік ерекшелігі, бизнес жүргізудегі бағыты мен даму жоспары бар. Басқа өңірлерге барып, түрлі мәселелерге қатысты пікір алмасқан кезде оқиғаға басқа қырынан қарауға мүмкіндік туады. Соның нәтижесінде барлық тәжірибені саралап, дұрыс шешім қабылдауға болады.
Сапар аясында делегация мүшелері Шығыс Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі жетекші кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Алғашқы нысандардың бірі - «Восток Молоко» кәсіпорны. Мұнда қонақтарға өндірістің заманауи технологиялары мен сүт өнімдерін өңдеу жобалары көрсетілді. Сондай-ақ делегация «Grand Fish» балық өңдеу зауытына барып, Алтай ауданындағы форель шаруашылығы мен пантымен емдеу орталығының жұмысымен танысады. Бағдарламаға өңірдің туристік әлеуетін таныстыру да енгізілген.
Гүлдана Айдарқызы