Алтай ботаникалық бағының ғалымдары өңірде өсетін дәрілік өсімдіктердің қасиеттерін зерттеп, олардың негізінде жаңа парафармацевтикалық өнімдер әзірлеуде. Көпжылдық ғылыми ізденістерге сүйенген жобалардың басты мақсаты – табиғи шикізатты тиімді пайдаланып, адам денсаулығына пайдалы отандық өнім шығару. Бүгінде бірегей флора құрамындағы биологиялық белсенді заттарға бай өсімдіктер медицина мен профилактикалық бағыттағы өнімдер жасауға кең мүмкіндік беріп отыр.
Ғалымдардың қазіргі әзірлемелерінің бірі – жидектен емес, бүлдірген жапырағынан алынған С дәрумені жоғары гель-сабын. Мамандардың айтуынша, бүлдірген жапырағында биологиялық белсенді заттар мол. Сондықтан ол антиоксиданттық және ағартқыш қасиеті бар косметикалық өнімдер жасауға таптырмас табиғи шикізат саналады. Қазір бұл өнім зертханалық сынақтан өтуде. Болашақта өңірдің табиғи ресурстары негізінде шығарылатын жаңа отандық өнімдердің біріне айналуы мүмкін.
Елена Исакова, Алтай ботаникалық бағының аға ғылыми қызметкері:
Бұл гель-сабынның ерекшелігі – оның құрамындағы С дәрумені бүлдіргеннің жемісінен емес, жасыл жапырақтарының сығындысынан алынған. Облыста бүлдірген қоры өте мол. Бүлдірген жапырағында С дәруменінің мөлшері жоғары болғандықтан, біз одан арнайы сығынды аламыз. Оның теріге ең қолайлы концентрациясын таңдаймыз. Бұл өнім теріні ағартуға, пигменттік және жасқа байланысты дақтарды азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар антиоксиданттық әсерге ие. Құрамындағы глицериннің арқасында теріні ылғалдандырып, ұсақ әжімдердің тегістелуіне ықпал етеді. Әзірге сынақтар қол терісінде жүргізіліп жатыр, ал алдағы уақытта бүкіл денеге қолдануға арналған тиімді концентрациясы анықталады.
Жаңа өнімдерді әзірлеуде ғалымдарға заманауи зертханалық база үлкен қолдау көрсетіп отыр. Жоғары дәлдіктегі құрал-жабдықтар өсімдіктердің құрамын жан-жақты зерттеп, дәрумендер мен басқа да биологиялық белсенді заттардың мөлшерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл зерттеулер отандық парафармацевтикалық өнімдер әзірлеуге жол ашуда.
Айдар Сүмбембаев, Алтай ботаникалық бағының бас директоры:
Заман талабына сай даму үшін біз зертханалық жабдықтарымызды үнемі жаңартып келеміз. Қазіргі құрылғыларымыздың көмегімен С,В тобы дәрумендерін, түрлі органикалық қышқылдар мен өзге де пайдалы қосылыстарды дәл анықтай аламыз.
Ғалымдардың айтуынша, Шығыс Қазақстанның бай флорасы отандық өнімдер шығаруға зор мүмкіндік береді. Жаңа әзірлемелерге бағытталған ғылыми жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта олар табиғи ресурстарды ғылым, медицина және өнеркәсіп игілігіне тиімді пайдаланудың жарқын үлгісіне айналмақ.
Аяулым Усинова