«Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Дәстүрлі сөз додасына еліміздің әр аймағынан келген 12 айтыскер қатысты. Ақындар Алтайдың табиғатын, тарихын, ұлттық құндылықтары мен ел бірлігін жырға қосып, суырыпсалма өнердің биік деңгейін көрсетті.

Бас-аяғы екі күнге созылған халықаралық фестивальдің айтулы шараларының бірі - «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы. Сөз зергерлері Алтайдың көркем табиғаты мен бай тарихын, Ақтан Нұрбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен жырға қосты. Айтысқа қазылар алқасының төрағасы ретінде Жүрсін Ерман төрелік етсе, тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай ұстады. Дода қорытындысында бас бәйге облыстың намысын қорғаған Серік Қуанғанға бұйырды. Бұл - ақынның айтыс сахнасындағы жеңіп алған ең алғашқы автокөлігі.

Серік Қуанған, айтыскер ақын:

Бұл енді өзіміздің жерімізден бұйырғанына өте қуаныштымын. Осы шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған облыстық басшылыққа көп рақмет айтамыз. Алтайдың төсі дүбірге бөленіп, туризм жаңа бағытқа дамығанын көріп отырмыз. Әлемнен мықты әншілер келіп отыр. Оның бәрі елдің мерейі.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерманға Шығыс жұртының атынан облыс әкімі автокөлік тарту етті. Бұл сыйлық ақындар айтысын дамытуға, қазақтың сөз өнеріне сіңірген елеулі еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.

Алтайдың көркем табиғаты ақындарға ерекше шабыт сыйлады. Айтыскерлердің айтуынша, бұл өлкенің асқар тауы мен мөлдір бұлағы жырға қанат бітірді.

Шұғайып Сезімхан, айтыскер ақын:

Тау-тас, өзен көл,тіпті бұд жақтың адамдары түгіл аңдары, маралдары қанын беріп, араларының өзі балын беріп жатыр. Сондықтан бұл жақтың адамдары, табиғаты барлығы шабыт береді. Осында келсек қанаттанып кетеміз.

Осылайша, Алтайдың бауырында өткен республикалық айтыс жыр сүйер қауымның рухын көтеріп, сөз өнерінің мерейін асқақтатты.

Бекарыс Секен