Өскеменде «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті. Дәстүрлі жарыстың мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдерін анықтау. Биылғы сайысқа өңірдің қала-аудандарындағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен үздіктер қатысты.
Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы бөлімде қатысушылар өздері әзірлеген бейнеролик арқылы өмір жолын, еңбек жолын, қоғамдық қызметін және мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдану тәжірибесін таныстырды. Екінші кезеңде «Қазақ тілін үйренудегі тиімді әдістер» тақырыбында ой бөлісіп, тіл меңгерудің өзіндік тәсілдерімен бөлісті. Ал шешуші кезеңде арнайы ұсынылған тақырыптардың бірі бойынша суырыпсалма түрде пікір білдіріп, ой ұшқырлығы мен тілдік сауаттылығын көрсетті.
Болат Кенчимбаев, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:
Бұл конкурсқа мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері қатысуда. Облыстық сайысқа аудандық сайыстарда жеңімпаз атанып, облыстық байқауға жолдама алған үміткерлер қатысуда. Енді бұл конкурстың басты мақсаты өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, оны насихаттау, және тіл білуге құлшынысын арттыру болып табылады.
Қазылар алқасы үміткерлердің тілдік сауаттылығына, сөз саптау мәдениетіне, ойының мазмұны мен өзектілігіне, сондай-ақ сахнада өзін еркін ұстауына ерекше назар аударды. Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, жыл өткен сайын қатысушылардың дайындық деңгейі артып келеді.
Қарлығаш Барбосынова, қазылар алқасының мүшесі:
Жылдағыға қарағанда бұл конкурстың дәреже деңгейі өсіп келе жатқандығын байқауға болады. Өйткені қатысушылардың көбі міндетті емес өздерінің жүрек қалауларымен осы байқауға дайындалып келген.
Қатысушылар қазақ тілін қалай үйренгені жайлы баяндап, мемлекеттік тілдің олардың өмірі мен кәсіби қызметіндегі маңызын ерекше атап өтті.
Юлия Масленкова, жарыс жеңімпазы:
Қазақ тілін жеке үйренуге де болады. Ең бастысы күш пен өзіне сенім. Барлықтарыңызға көп-көп рахмет. Ең бастысы Қазақстан Республикамыз көркейіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз мәңгі жасасын!
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Шемонаиха ауданынан келген Юлия Масленковаға бұйырды. І орынды Ұлан ауданының өкілі Альфия Искакова, ІІ орынды Катонқарағай ауданынан Ксения Қалымбекова, ІІІ орынды Шығыс Қазақстан облыстық музей-қорығының қызметкері Оксана Ошкалова иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Аяулым Усинова