Байкерлер құрылтай сайлауында дауыс берді
№96 сайлау учаскесі бүгін ерекше белсенділік танытты. Мұнда өз ұстанымын білдіруге ардагерлермен қатар алғаш рет дауыс беріп отырған жастар да келді. Бұдан бөлек учаскедегі ерекше сайлаушылардың қатарында байкерлер де болды.
Бұл учаскеде жалпы саны 1603 сайлаушы тіркелген. Дауыс беруге келгендердің қатарында «Moto Corps MC» клубының байкерлері де бар.
Ярослав Костенко, «Moto Corps MC» байкерлер клубының мүшесі:
Жастардың біздің қозғалысқа қосылып жатқаны қуантады. Біз өзара бөлініп, тұрғылықты жеріміз бойынша өз учаскелерімізге үш-төрт адамнан шағын топтармен бардық. Бұған дейін үлкен колоннамен жүретінбіз. Алайда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шағын топтарға бөлінуді жөн көрдік. Шын мәнінде, бұл тәсілдің нәтижесі көрініп тұр: жастар бізге қосылып жатыр. Біздің қозғалысымыз ел мен қала үшін маңызды барлық шараларға үнемі қатысады. Біз әрдайым азаматтық ұстанымымызды білдіреміз.
Амелина Долгарева үшін де бүгінгі күн – елдегі қоғамдық үдерістерден тыс қалмай, өз пікірін білдірудің айрықша мүмкіндігі.
Амелина Долгарева, «Moto Corps MC» байкерлер клубының мүшесі:
Сайлау туралы айтар болсам, әр адамның дауысы маңызды деп ойлаймын. Әркім өз сана сезіміне, өз ұстанымына қарай таңдау жасауы керек.
Учаскеде сайлаушылардың белсенділігі жоғары екенін комиссия төрағасы да атап өтті. Оның айтуынша, мұнда түрлі жастағы азаматтар дауыс беріп жатыр.
Ботагөз Биткенбаева, №96 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
Бізде сайлаушылардың келуі белсенді. Әсіресе бүгін егде жастағы адамдардың қатысып жатқанын атап өткім келеді. Бізге 90 жастағы қария келді, оған дейін 88 жастағы тағы бір азамат дауыс берді. Жастар да өте көп. Байкерлер біздің учаскеге алғаш рет келіп тұрған жоқ. Олар белсенді қатысып, бүгінгі күннің қарқынына өзіндік үлесін қосып отыр.
Ал Ева Ларионова үшін бүгінгі күннің жөні бөлек. Жақында 18 жасқа толған ол сайлауға алғаш рет қатысты. Қызымен бірге оның анасы Наталья Ларионова да дауыс берді.
Ева Ларионова, қала тұрғыны:
Тамыз айында 18 жасқа толдым. Өз ұстанымымды білдіріп, сайлауға қатысуды жөн көрдім. Себебі бұл еліміз үшін өте маңызды деп ойлаймын. Ел өміріне осылайша өз үлесімді қосқым келді.
Наталья Ларионова, қала тұрғыны:
Меніңше, сайлауға келіп, елдегі саясатты, елімізде болып жатқан жағдайды бақылап отыру өте маңызды.
Учаскелік комиссияның мәліметінше, дауыс беру процесі штаттық режимде өтіп жатыр. Сайлаушыларды қабылдау жұмыстары белгіленген тәртіппен ұйымдастырылып, учаскеге келушілер үшін қажетті жағдайлар қарастырылған.
Бекарыс Энгельс